Макронды шапалақпен ұрған адам сотталды

Экспресс К

Эмманюэль Макрон / Дамьен Тарель

Франция президенті Эмманюэль Макронды шапалақпен салып қалған адам Дамьен Тарель деген азамат болып шықты. Сот оған қатысты үкім шығарған.

Дамьен Тарель төрт айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ЭК BFMTV телеарнасына сілтеме жасап.

Сот үкімі бойынша, ол бірден түрмеге жазасын өтеуге жіберіледі. Сондай-ақ, Тарель екі жыл жұмысқа жегілуі немесе оқытылуы тиіс. Ол психологиялық көмек алуға да міндетті. Сонымен қатар, сот Тарельдің бес жыл бойы қару ұстауына әрі сонша уақыт мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салды. Оған қоса үш жылға азаматтық құқығынан айырылды.

Тарель сотта Макронды шапалақпен ұрғанын мойындағанымен, онысына еш өкінген жоқ.

Прокурорлар оған 18 жыл беруді сұраған еді. Енді екі тараптың үкімге қатысты қайта шағым түсіруіне 10 күндей уақыт бар.

Естеріңізге салсақ, оқыс оқиға Франция президенті Дром департаментіне барған кезде болған еді. Ұрған азамат қолға түсті. Оған қоса тағы біреу ұсталған.

Макрон Дромға қоғамдық тамақтандыру саласының өкілдерімен кездесуге барыпты. Францияның оңтүстік-шығысындағы осы аймақ пандемиядан қатты зардап шеккен еді.

Оқиға түсірілген видеода президенттің қоршаудың артында тұрған бір топ адамға жақындағаны көрінеді. Солармен қол алысып амандасып жатқанда, біреуі оны шапалақпен ұрады. Содан кейін Макронның оққағарлары оған тап берген.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, полиция екі адамды ұстапты.Олар қазір билік өкіліне қасақана шабуыл жасағаны үшін қамауға алынған.

Депутат Эрик Кокерельдің айтуынша, Макронды ұрған адам әсіре оңшыл монархистердің арасында танымал бір ұранды айтып айғайлаған. Action Française қозғалысының өкілдері бірнеше жыл бұрын оған да солай ұрандап тап беріпті.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров