Мұнаймен мурал салғандар (видео)

Экспресс К

Бейнеден кадр

Қазақтың ақын-жазушылары, спортшылары мен батыр қыздарын бейнелейтін муралдар жақын арада толықтай бітеді.

Ақтаудағы көп қабатты үйлердің қасбетіне мұнай өнімімен суреттер салынып жатыр, деп хабарлайды ЭК.

Суретші Аймұрат Таңатов — мұнаймен сурет салу технологиясын Қазақстанға алғаш әкелушілердің бірі. Оған бұл өнерді әзірбайжандық суретші Сабир Чопуроглу үйреткен. Алайда кейбір құпияларын жасырып қалыпты.

Мұнаймен сурет салу техникасын, қыр-сырын толық түсіндірмегендіктен, командаммен бірге ізденіп, қоспасының құрамын тауып, құпиясын зерттедік. Енді сол технологияны меңгеріп алдық деуге болады,

дейді Аймұрат Таңатов.

Ол Ақтауда командасымен бірге екі-үш жылдан бері мұнаймен сурет салып келеді. Салынған суреттер ерекше көз тартады.

Аймұраттың айтуынша, бір муралды салуға жұмысының қиындығына қарай бір апта уақыт кетеді екен. Сондықтан бұл үлкен еңбекті талап етеді.

Қала әкімдігінен тапсырыс алған Аймұраттың командасы үйлердің қабырғасына алғашқыда заманауи муралдар салуды жоспарлапты.

"Бірақ қала әкімі жастар ұлы тұлғаларды біліп жүрсін деген ойды алға тартты. Кез-келген адамның бейнесін күнде көре берсең, санаңда сақталып қалады. Сондықтан өсіп келе жатқан балаларымыз Әбіш Кекілбаевтың, Есенғали Раушановтың, Мәншүк Мәметованың, Фариза Оңғарсынованың суреттерін көріп, ата-аналарынан "Бұл кім? деп сұрайтыны заңдылық. Осылайша олар қазақ зиялыларымен етене таныс болады. Сонымен қатар қалада өзге ұлт өкілдері де тұрады. Олардың да балалары қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаларын танып өседі", — дейді суретші.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров