Ақтөбе облысында шаруалар қойдың жүнін жаппай өртеп жатыр

Экспресс К

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Ақтөбелік шаруалар қойдың жүнін өртеуге мәжбүр. Өйткені өңірде бұл өнімді өңдейтін бір де бір кәсіпорын жоқ.

Малдың пайдасынан гөрі шығын артып бара жатқанын айтқан шаруалар енді мемлекеттен қолдау күтеді, деп хабарлайды ЭК "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Шаруа қожалығының иесі Батырбек Шәуленов сырмақ пен пима басу, киіз үй жасау ғұрпының ұмыт қалғанын айтады. Себебі ұлттық бұйымдардың шикізаты — қой жүніне ешқандай сұраныс жоқ. Бие байлап, қымыз ашытатын кәсіпкер соңғы бес жыл бойы еділбай сияқты қазақы тұқым өсіруді қолға алған. Алайда көктемгі науқан шаруа иесі үшін шығынға белшеден бататын кезең. 600 бас қойдың жүнін қырқу үшін 300 мың теңгеге жуық қаражат жұмсапты. Ал оның орнын толтыруға шикізат қабылдайтын бір де бір өндіріс табылмады. Сондықтан өртегеннен басқа амал жоқ дейді.

"Қырқу үшін адам табылмайды. Табылған жағдайда да қарайған қаражатымыз кетеді. Сол қойдан қырқылған жүнді қайда апаратынымызды білмейміз. Сондықтан әрбір жерде шашылып жатыр. Сосын біз оны жинақтап, қапшыққа нығыздап салып бір жерге апарып өртейтін жағдайда жүрміз", — дейді Батырбек Шәуленов.

Шаруалар табиғи өнімдерді өткізетін орын ұйымдастыруды өтініп отыр. Алайда шенеуніктер жиналған жүнді қоймада сақтай тұруды ұсынады. Себебі жыл соңына дейін облыс орталығында жаңа өндіріс орыны ашылуы тиіс. Құрылыс материалдарын шығаратын цех жылуды оқшаулаушы бұйымдарға шикізат ретінде қойдың жүнін қолдануға ниетті. Атқамінерлер жаңа кәсіпорынның өңірде қырқылатын 3 мың тоннаға жуық жүнді толықтай қабылдауға қауқары болады деп сендірді.

"Толық көлемде кәсіпорын жұмысқа қосылған кезде Қазақстанның басқа өңірлерінде де жүн қабылдай бастайды. Осы кезде біздің жүніміздің да құны көтеріліп, өткізетін жер табылады деген үміттеміз", — дейді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов.

Жоба құны шамамен 1 миллиард теңге төңірегінде. Ал төрт түліктің терісін желатин өндіруші зауыт қабылдауы тиіс.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров