Мұқағали Мақатаевтың Абайға арнаған өлеңі табылды

Экспресс К

Абай Құнанбаев / Мұқағали Мақатаев

Мұрағаттағы ескі газет тігінділерінен Мұқағали Мақатаевтың Абайға арнаған өлеңі табылды, -деп хабарлайды ЭК.

"Дала данышпаны" атты өлең жолдары Мұқағалидың жыр жинақтарында бұрын-соңды жарияланбаған екен. "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейі баспасөз қызметінің хабарлауынша мұрағаттағы өлең газет-журнал тігінділерін ақтару кезінде табылған.

Енді ұлы ақынның өлеңін назарларыңызға ұсынайық. Өлең соңында Мұқағали Мақатаев деп қол қойылған. Бұл өлең жолдары "Қазақ әдебиеті" газетіне, 1965 жылдың 13-ші тамызында жарыққа шығыпты.

Дала данышпаны

Дала жатыр — өн бойы тұнған өлең,

Абай, міне, жапанда тұрған емен.

Ата сөзі тербеткен бесігімді,

Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.

...Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,

(Мен емес, солай деген Аталарым).

Сол ұранды ұрпаққа апарамын,

Мен қазақ — Абай болып атанамын.

Уһ, дала!

Дала толған көл-көсір жыр,

Дала — қобыз тұтпайды пернесін кір.

Тірі Абайды әлдиле, дархан далам,

Өлең селі өңірді тербесін бір.

Дала, дала...

Сал — дала селеулеген,

Жырмен ұйықтап, оянған өлеңменен.

Дала деген — күй сандық бұл қазаққа,

Абай десе құлағы елеңдеген.

Жылдар, жылдар...

Қаншама алыстадық,

Қаншама өзен өзгертті ағыстарын.

Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың,

Уа, армысың, арысым, данышпаным!

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров