Бельгияның қоржынында 3 ұпай

Нұрболат АДЫРБЕК

© Getty Images

Футболдан Еуропа чемпионатының бірінші кезеңінде Бельгия Ресейден басым түсті, деп хабарлайды, ЭК.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен кездесу 3:0 есебімен бельгиялықтардың пайдасына шешілді.

Матчтың алғашқы голын 10-шы минутта Ромелу Лукаку соқты.

Ойынның 34-ші минутында бельгиялықтар ресейлік қақпашы Антон Шуниннен айласын асырып, екінші голға қол жеткізді. Голдың авторы — Томас Мюнье.

© Getty Images© Getty Images
© Getty Images

Екі тайм арасындағы үзілістен кейін алаң иелері қарымта қайтару үшін, бар күштерін салып шабуылды күшейткен болатын. Алайда бұл әрекеттері еш нәтиже бермеді.

Қорғанысты мықтап жолға қоя отырып, шабуылдаған қонақтар 88-ші минутта үшінші голды салды.

Сөйтіп, Лукакудың осы ойындағы екінші голымен, яғни 3:0 есебімен Бельгия құрамасы жеңіске жетті.

© Getty Images© Getty Images
© Getty Images

Осы жеңістің арқасында Бельгия үш ұпай жинап, "В" тобында көш бастады. Ресей соңғы, төртінші орынды иеленді.

Еске сала кетсек, осы төрттіктің тағы бір матчы Дания мен Финляндия арасында Копенгагенде өткен болатын. Онда финляндиялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Осы матчтағы бірінші таймның бітуіне санаулы минуттар қалғанда даниялық жартылай қорғаушы Кристиан Эриксен талып құлаған еді. Өйткені жүрегі тоқтап қалған. Оған дәрігерлер сол жерде алғашқы көмек, жасанды жүрек массажын жасағанымен нәтиже бере қоймаған соң, алаң сыртына алып кеткен.

Осы уақытта жарысты ұйымдастырушылар ойынды уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдады. Артынан белгілі болғанындай, Эриксен біршама уақыттан соң есін жиған. Ол бірден ауруханаға жатқызылды. Арадағы үзілістен соң қайта жалғасқан ойынның нәтижесінде қонақтар басым түсті. Ал УЕФА Кристиан Эриксенді осы матчтағы үздік футболшы деп атады.

Енді 16 маусымда екінші турда Финляндия Ресеймен кездеседі. Ал келесі күні Дания мен Бельгия ойнайды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров