Бүгін Денис Теннің туған күні

Экспресс К

©ЭК/Андрей ХАЛИН

"Бүгін халқымыздың даңқты перзенті Денис Теннің туған күні. Сенің есімің мәңгілік ел жүрегінде". Әйгілі әнші Димаш Құдайберген Instagram-дағы парақшасында спортшыны осылай еске алды, деп хабарлайды ЭК.

Ол тірі болса 28 жасқа толар еді. Атақты спортшы 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Денис кішкентайынан спортқа бейім болып өсті. Теннис, акробатика, таэквондо, каратэ және жүзумен айналысты. Сондай-ақ, би өнері мен сурет салуды да ұнатқан. Музыканы да жақсы көрді. 2002 жылы Пусандағы хор олимпиадасында күміс медальға ие болғаны — соның бір дәлелі.

Кейін ол конькимен мәнерлеп сырғанауды біржолата таңдады. "Хрустальный конек" турнирінде өнер көрсетті. Сол жарыста Денистің қабілетін байқаған Елена Буянова оны Мәскеуге шақырды. Өзінің шәкіртіне айналдырды.

Нәтижесінде Денис Тен 2006 жылы ересектер арасында өткен турнирде Қазақстан чемпионы атанады. 2010 жылдан бастап халықаралық додаларға қатысып, топ жара бастайды. 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында ел намысын қорғап, әлем чемпионы болды. Сонымен қатар ол Азия чемпионы, Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері еді.

Ең өкініштісі, даңқты перзент 2018 жылы 19 маусымда көлік тонаушылардың қолынан қапияда қаза тапты. Ажалға себеп болған қылмыскерлер ұстлып, сотталды. Алайда біз Денис Теннен мәңгілікке көз жаздық.

Жыл сайын алматылықтар Денис Теннің қаза тапқан жеріне гүл шоқтарын қойып, әсерлі жазбалары бар плакаттар іліп, чемпионның жарқын бейнесін еске түсіреді. Алматыдағы Байсейтова және Құрманғазы көшелерінің қиылысында даңқты спортшыға ескерткіш орнатылған.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров