Білім министрі карантинмен өткен оқу жылын қорытындылады

Лена МҰРАТБЕК

facebook.com / askhat.aimagambetov

Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде ұстаздарға өткен оқу жылындағы еңбегі үшін алғыс айтып, қыркүйекте жаңа күш-қуатпен оралуды тіледі, деп хабарлайды ЭК.

"Міне, баршамыз үшін қиын әрі ерекше болған оқу жылы да өз мәресіне жетті. Бұл оқу жылы аянбай қызмет еткен әр мұғалімнің ерен еңбегімен және ерлігімен есімізде қалары сөзсіз. Мектептерге мүлдем жаңа оқыту әдістеріне көшу оңайға соқпағанын бәрі бірдей түсіне бермейді. Өкінішке қарай, біз дәстүрлі оқыту форматына толықтай көше алмадық. Пандемияның салдары білім беру жүйесіне әлі де әсер ететіні анық", — деп жазды министр Facebook желісінде.

Министр бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мұғалімнің рөлі маңызды екенін атап өтті. Мұғалім балалардың қызығушылығын оятып, оларды қателіктері үшін айыптамай, керісінше, соны түзетуге көмектесіп, сәттілікке ұласпаған әрекетінен кейін үміт пен сенімді жоғалтпауға жәрдемдесу керек екенін ескертті.

Сонымен бірге қазір балалардың барынша түсіністікпен қарауды аса қажет ететінін, оларға махаббат пен қамқорлық керек екенін айтты.

"Пандемия жағдайы мұғалімнің басты қызметі тек ақпарат беру емес, балаларға қолдау көрсету, жанашырлық таныту, оларды ынталандыру, көмек қолын созып, тәлімгер болу екенін де айқындап берді. Бүгінгінің балалары мүлдем өзгеше, олар өздерін еркін ұстайды. Ендігі кезекте олардың бойларындағы жақсы қасиеттерді сақтап, одан әрі дамыту — біздің басты міндетіміз", — дейді Аймағамбетов.

Сөз соңында министр әріптестерін вакциналау науқанына белсенді қатысуын сұрап, вакцинация төңірегіндегі жалған ақпаратпен күресуге шақырды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров