Алматыдағы кесілген ағаштар жаңа заңға түрткі болды

Экспресс К

Әлеуметтік желіден

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматыдағы Sulpak дүкенінің өткен жылы 11 ағашты заңсыз кесуі заңнаманың өзгеруіне түрткі болғанын айтты, деп хабарлайды ЭК.

Министрдің айтуынша, Sulpak дүкенінің алдында кесілген ағаштардан кейін "Өсімдіктер әлемі туралы" заң жобасы әзірленіп, қазір ол құжат Мәжілістің қарауына жіберілді.

Заңнамаға айыппұлдарды ұлғайту және заң бұзушыларға санкцияларды қатаңдатуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша, Қызыл кітапқа енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері 6-дан 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа, әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге орман қорында және қалалар мен елді мекендер шегінде ағаштарды және бұталарды заңсыз кескені, жойғаны және зақымдағаны үшін құқық бұзушыларға айыппұлдарды ұлғайту және санкцияларды қатайтуға қатысты өзгерістер енгізілді,-деді Мырзағалиев.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы 23 қарашада түнде Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен,қарағаш және акация оталған болатын. Бұл тек алматылықтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың наразылығын тудырып, тіпті оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударған болатын.

Артынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, нәтижесінде жұмысшыларға жасыл желекті кесу туралы тапсырманы "Сакура" мердігер компаниясының дизайнері Жанна Нұртаеваға бергені анықталған еді. 24 мамырда Алмалы аудандық соты дизайнерді ҚР ҚК 339-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 4 млн 167 мың теңге айыппұл салынды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров