"Алтын белгіге" үміткер ҰБТ-ға басқа біреуді кіргізбек болған

Нұрболат АДЫРБЕК

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Елордалық төрт түлек ҰБТ кезінде өз орындарына өзге біреулерді кіргізбек болғаны анықталды, деп хабарлайды ЭК.

Мектеп бітірушілер екі жоғары оқу орнының студенттерімен келісіп өз орындарына кіргізбек болған. Алайда, олардың бұл әрекеті талапкерлерді ҰБТ-ға кіргізу кезінде Face-ID жүйесі арқылы әшкере болған. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, студенттер тіпті талапкерлердің орнына кіру үшін жалған құжаттар жасаған. Бірақ, тұлғаны цифрлық сәйкестендіретін Face-ID жүйесі бұл заңбұзушылықты бірден анықтады.

Бұл жүйе биыл ҰБТ тапсыратын барлық орталықта енгізіліп отыр. "Бағдарлама тіпті бір кіндікті егіздерді де анықтай алады. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ тапсыру кезінде заңбұзушылықтарды қалай анықтау керек екенін жақсы біледі. Тестілеуге өз орнына бөгде адамды кіргізбек болғандардың арасында "Алтын белгі" иегері де бар", — деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова.

Талапкерлер мен олардың орнына тест тапсырмақ болғандар туралы ақпарат құқық қорғау органдарына жіберілді. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы 2-бөлігі (жалған құжаттарды, мөртаңба, мөрлерді, бланкілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Биыл ҰБТ тапсыратын орындарда үш сатылы жүйе енгізілген. Нақтырақ айтсақ, тест тапсырушы жеке куәлігін көрсетеді, кейін Face-ID жүйесінен өтеді. Содан кейін барып тестілеуге жіберіледі.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров