Жұт жайлаған аймақтарда ТЖ енгізу ұсынылды

Экспресс К

© Парламенттің баспасөз қызметі 

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин елдегі жұт мәселесін көтерді, деп хабарлайды ЭК.

Ол Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында қоршаған ортаға антропогендік әсерлер мен жалпы климаттың өзгеруі, алдымен еліміздің агроөндіріс кешеніне әсер ете бастағанын айтқан. Теңіздер мен өзендердің тартылуы, жауын-шашынның нормадан аз түсуі көптеген аймақтың, соның ішінде Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығына қиындық туғызғанын жеткізген.

"Әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ата-бабамыздан қалған асыл мұраның бірі — төрт түлік малды ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғындар аса ауыр жағдайда. Елде орын алған су тапшылығы мен қуаңшылық жайлымдық жерлердің жағдайын кетірді. Осы жағдай тиісінше малдың шығынына әкелді. 2020 жылы Маңғыстауда 4883 мал басының өлімі тіркелсе, биыл бірінші тоқсан қортындысы бойынша 1332 бас мал өлген. Бұл мәлімет тек сырғаланған, тіркелген мал шығыны бойынша ғана, ал, облыстағы малдың 56% құрайтын қалың бұқараның қанша малы қырылғаны белгісіз",- деді Еділ Жаңбыршин.

Сонымен қатар ол мұндай жағдай Қызылорда облысында да тіркеліп, 481 бас мал өлгенін айтып отыр.

"Осындай жағдай мал азығының бағасын еселеп көтеріп жіберді. Маңғыстауда бір түк шөптің бағасы 17 мың теңге болса, бір кг арпаның бағасы 95 теңгеге жетті. Ал, көршілес Ақтөбе облысында сол бір түк шөп 4 мың теңге тұрады. Бағаны көтеріп отырған жол шығындары және осыдан пайда көріп қалайын деп отырған делдалдар.Осы зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырады, қаншама шаруашылық жер сипап қалды?! Оның есебі бар ма? Осындай жұтта халыққа қалай көмек береміз?!",- деді депутат.

Халық бірінші кезекте Парламентке, Үкіметке арқа сүйейді деп отыр.Қазіргі таңда ауыл шаруашылық министрлігі және жергілікті атқарушы билік жем-шөп жеткізу, қаржы бөлу сияқты шараларды іске асыруда. Алайда, бұл көмектер барлық мал шаруашылықтары мен жеке адамдардың мал басын қамтымай және жеткізіліп отырған азықтың бағасы қол жетімді болмай тұрғанын айтты.

"Жалпы болып жатқан жағдай, әр өңірдің ерекшеліктерін ескерген, ғылыми зерттеулерге негізделген еліміздің мал шаруашылығын дамытуға және оның азығын дайындауға арналған жүйелі-жоспарлы жұмыстың жоққа жақын екенін айқын көрсетіп отыр. 21 ғасырда космосты игеріп, Австралия мен Канадан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят! Қазақ атымызға сын емес пе?",- деді Еділ Жаңбыршин.

Осыған байланысты депутат жұт жайлаған нақты аудандар мен аймақтарда шұғыл түрде жергілікті дәрежедегі төтенше жағдай жариялап, оларға тиісті бюджеттік көздерден және материалдық қорлардан нақты көмектер көрсетуді ұсынды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров