Атырауда көпбалалы аналар әкімдік алдына жиналды

Фархат ӘБІЛОВ

Әлеуметтік желіден

Атырау облысы әкімдігінің алдына көпбалалы аналар жиналып, азық-түлік бағасының көтерілуіне қатысты наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды ЭК.

Жиналған аналар атынан қала тұрғыны Салтанат Көкенова сөйлеп, қазір азық-түлік бағасының көтерілгенін, бірақ мұнайлы астанада жалақының аз екенін айтты.

"Мен үш баланың анасымын. Бала тәрбиелеп отырғандықтан, жұмыссыз отырмын. Тек жолдасым жұмыс істеп, соның бір жалақысына қарап отырмыз. Тапқан-таянғанымыздың бәрі азық-түлікке кетеді. Мұны балаларға қалай түсіндіреміз? Құр қара нанды олар жей алмайды. Халықтың еңбекақысында өсім жоқ", — деді Салтанат Көкенова.

Жиналғандарды Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев қабылдап, азық-түліктің бағасын төмендетуге қатысты шаралар қабылданатынын жеткізді.

"Бағаларды Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысымен ақылдаса отырып бекітеміз. Тұрғындардың жәрмеңкеге қатынауын жеңілдету үшін демалыс күндері "Аламан" базарына қаланың негізгі аудандарынан жүретін қосымша автобустар бөлінді. Жазғы маусымда жәрмеңке өтетін орындар санын арттырамыз. Азық-түлік жәрмеңкелері Тұрғындар қалашығы ықшамауданында, "Көктем" базары аумағында және басқа да негізгі орындарда өткізілетін болады. Біз әрдайым халықтың үніне құлақ асамыз, олардың талаптарын тыңдауға да дайынбыз. Жағдай біздің жіті қадағалауымызда болады", — деді Қайрат Нұрлыбаев.

Сондай-ақ, жиналғандар білім, медицина және карантиндік шектеулер бойынша өздерін мазалайтын сұрақтарын қойып, қашықтан оқытуды алып тастауды сұрады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров