Медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу жалғасады —Президент

Бек ТӨЛЕУОВ

ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Медицина қызметкерлеріне үстемақыны төлеуді жалғастыру үшін Үкімет қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі, деп Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ЭК хабарлайды.

Бүгін елордада "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болғанын жеткізді.

Тоқаев пандемия кезінде мемлекет тарапынан дәрігерлер мен жалпы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған ынталандыру шаралары топтамасы қабылданғанын айтты.

"Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңыздылығына назар аударды.

Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылған. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануға тиіс,

деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы тек қаржылай ынталандырудың жеткіліксіз екенін айтты.

"Медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады",

деді Тоқаев.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров