Оралда қаза тапқан сарбаздың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

instagram.com / aibat_news

Ақтөбеге 21 жастағы сарбаз Қолғанат Әшіровтің денесі жеткізілді. Ресми ақпарат бойынша, Орал қаласындағы әскери бөлімде қызмет еткен ол өзін өзі атып тастаған, деп хабарлайды ЭК.

Aibat_news инстаграм парақшасының жазуынша, 2020 жылдың желтоқсанында қызметке шақырылған Қолғанат Әшіров Оралдағы 5517 әскери бөлімінде қызмет еткен. Туыстарының сөзінше, оның тарапынан бүгінге дейін ешқандай шағым болған емес.

"Оны өлтірді немесе кездейсоқ оқ тиген болуы мүмкін. Соны түсіндіріп айту керек. Камерадан көріну керек қой. Бұл жерде бір емес, бірнеше нұсқа болып тұр. Егер олар оны ренжіткен болса, түсіндіру керек, бұл туралы айту керек. Неге олар ештеңе айта алмайды? Камералар қайда? Ол болашаққа үлкен жоспарлар құрғанын айтатан. "Үнемі мақтау естимін. Марапат алдым. Командир де жақсы адам. Мен осында қаламын" дейтін. Ол қалайша өз-өзіне қол салуы мүмкін? Менің ұлымды қаралаудың қажеті жоқ" — дейді марқұмның анасы Гүлшат Әшірова.

Сарбаздың туыстары ресми нұсқаға сенбейді. Қолғанат шыдамды, салмақты, сабырлы, әрдайым өзін-өзі ұстай алатын бала болған.

Мүмкін, ол жерде қысым көрсетілген шығар немесе оны қорқытқан шығар. Бөлім командирі жазба қалдырғанын айтты. Мен сенбеймін. Жазбаны көрмедім. Олар маған ешқандай жазба жіберген жоқ. Хаттың бар екеніне де ешқандай дәлел жоқ,

дейді Қолғанаттың ағасы Сұлтан Әшір.

Алдағы уақытта марқұмның ата-анасы сотқа жүгінбек. Олар ішкі істер министрлігінен тергеуді жеке бақылауға алуды сұрап отыр. Қазір қайғылы оқиғаның себебін гарнизонның әскери тергеу бөлімі анықтап жатыр.

Шақырылған сарбаз өзін басынан атып жіберген. Тергеу жүріп жатыр. Біз басқа ақпарат бере алмаймыз. Тергеуден соң қосымша ақпарат беріледі,

дейді 5517 әскери бөлімінің командирі Ербол Антай.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров