Бір ғана мүмкіндік сүреңсіз матчтың тағдырын шешті


twitter.com / euro2020
Еуро-2020 ойындарының екінші аптасындағы кезекті кездесу Швеция - Словакия құрамаларының арасында өтті, деп хабарлайды ЭК.
Е тобының 2-турында ойын көрсетіп жатқан бұл командалардың кездесуінде есте қаларлықтай сәттер бола қойған жоқ деп айта аламыз. Тек швециялық Форсбергтің 77-ші минутта тепкен сәтті пенальтиін айтпасаңыз.


Ойынның бірінші бөлігінің сүреңсіз өткені сондай, қарсыластар бір-біріне қауіп төндірмек былай тұрсын, қақпаға қарата соққы да жасай алған жоқ. Тек бір-біріне сәтсіз шабуылдар жасаумен ғана шектелді.
Үзілістен кейін ойын сәл жанданды. Әсіресе, Швециялықтар қарқынды күшейткендей болған. Бірақ ол әрекет те жанкүйерлерге бір делебесін қоздыралық көңіл-күй сыйлады деп айта алмас едік.
Дәл осылай жалғаса берсе, бұл матч та 0:0 деген нәтижемен аяқталуы әбден мүмкін еді. Тек ойынның 77-ші минутында Швеция құрамасына берілген 11 метрден пенальти матчтың тағдырын шешті. Шешіп қана қоймай, скандинавиялықтар үшін Плейй-офф кезеңге өту мүмкіндігін бір табан жақындатқандай болды.


Сонымен, пенальти сәтті орындалып, есеп 1:0 болды. Басымдық шведтерде. Голдың авторы — Эмиль Форсберг