Илон Маск өзінің соңғы үйін сататынын мәлімдеді

Ауғанбек МАНАРБЕКҰЛЫ

©Reuters/Michele TANTUSSI

"Tesla" және "SpaceX" компанияларының негізін қалаушы Илон Маск Калифорния штатында орналасқан, аумағы 19 гектар үйін сататынын мәлімдеді.

Twitter парақшасында миллиардер бұған дейін аталмыш нысан мерекелік шараларға жалға беріліп келгенін жазды. Бизнесмен 2020 жылы өзінің бірқатар дүние-мүлкін сатып, бар күш-жігерін ғарышты игеруге және адамзат игілігіне жұмылдыруды көздегенін мәлімдеген болатын.

Илон Маск бұл үйді 2017 жылы франсуз графынан 23 млн. долларға сатып алған. Бұған дейін ғимарат 150 жыл бойы аристократтар әулетіне тиесілі болып келді. Үйдің аумағы 19 гектар, ауласында 11 автокөлікке арналған гараж, бассейн, жаяу серуендеу жолы бар. Ғимараттың өзі балл және банкет залы, үлкен асхана, 6 жатын бөлме мен 10 жуынатын бөлмеден тұрады.

Бұл бір үлкен отбасының бақуатты тұрмысына арналған, жанға жайлы үй,

деп жазды Илон Маск.

Бұл ғимарат миллиардердің өз меншігіндегі соңғы үйі. Илон Масктың отбасы былтырдан бері Техас штатында өзі құрған "SpateX" компаниясына тиесілі үйді жылына 50 000 долларға жалдап тұрады.

Ал, былтыр шілде айында Маск Лос-Анджелестегі үйін 29 млн. долларға сатқан еді. Кейін сол қаладағы тағы үш ғимаратты саудаға шығарған. Олардың ең қымбаты 30 млн. долларға жуық бағаға саудаланса, кәсіпкер тағы бірін 6,77 млн. долларға сатқан. Бұл нысандардың ең арзаны 1960 жылдары салынған жер үй 4,43 млн. долларға сатылған.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров