Жамбыл облысындағы вакцина шығаратын зауыт қашан іске қосылады?

Нұрболат АДЫРБЕК

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Жамбыл облысында салынып жатқанына бір жыл болған вакцина өндіретін зауыт қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды ЭК "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасай отырып.

Тоғжановтың айтуынша, зауытты осы жылдың қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр. Ол қазіргі уақыттың өзінде, бірнеше шет мемлекеттер қазақстандық әзірлемелерді сатып алуға қызығушылық танытып отырғандығын да атап өтті.

— "50 мың доза вакцина экспортқа дайындалып жатыр. Біздің вакцинаны бүгін сатып алуға дайын елдер бар. Әрине, біз алдымен өз азаматтарымызды қамтамасыз етеміз, содан кейін басқа елдердің өтініші бойынша, қалғандарына да көмектесеміз. Венгрия, Моңғолия, Ауғанстан, Қырғызстан елдерінен қазірдің өзінде сұраныстар түсіп жатыр. Бұл елдермен сыртқы істер министрлігі келіссөздер жүргізуде"- деді вице-премьер.

Естеріңізде болса, Жамбыл облысында зауыт салу туралы өткен жылдың маусым айында хабарланған болатын. Содан кейін зауыт желтоқсан айында бітеді деп айтылды. Ал, желтоқсан айында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев вакциналар өндірісі 2021 жылы наурызда басталатынын мәлімдеді және зауыттың құнын да атаған еді. Биыл сәуірде Ералы Тоғжанов Қазақстан билігінің ковидке қарсы отандық вакцинаны Түркияда құю туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, өйткені Жамбыл облысындағы зауыт толық іске қосылған жоқ.

Бұл шешімнің себебін, Білім және Ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов қаржының жетіспеушілігімен түсіндірген еді.

Мамыр айының басында олар зауыттың құрылысын аяқтауға тағы 1,6 миллиард теңге бөлуді сұрады, өтініш Мәжілісте мақұлданды. Ал, мамырдың соңында Президенттің қабылдауында болған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев маусым айында вакцина шығаратын зауытты сынақ режимінде іске қосу жоспарланып отырғанын айтқан болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров