Қатардағы жауынгерлер: "Әскерге қорлыққа төзу үшін келген жоқпыз"

Ауғанбек МАНАРБЕКҰЛЫ

instagram.com / zhaloby.astana

Нұр-Сұлтандағы 5573 әскери бөлімінің Ұлттық ұлан сарбаздары рота старшинасының әскери тәртіпке қайшы әрекетін әшкереледі.

12-ші рота, 4-ші батальонның сарбаздары әлеуметтік желі арқылы шағымданған. Сарбаздардың мәлімдеуі бойынша жаңадан ауысып келген старшина қол астындағыларға қорлық көрсетуді әдетке айналдырыпты.

instagram.com / zhaloby.astanainstagram.com / zhaloby.astana
instagram.com / zhaloby.astana

"Ол сарбаздарды қорлайды. Адамның моральдік және психологиялық болмысын тұншықтырып, әлдебір хайуанмен салыстырады. Өте ауыр сөздер айтады. Өзімізден бастап, ата-анамызға дейін тілдейді. Ротамыздағы кейбір сарбаздар бұдан әрі әскери борышын өтеуге құлықсыз… Ол әскери жарғыда жоқ бұйрықтар береді. "Рота ұрыста" десе, бәріміз еденге жатып қолымызды желкемізге қоямыз. Мұндай бұйрықты әжетханада да қайталайды" , — дейді қапаланған сарбаздар.

Бейәдеп старшинаның тікелей міндеті жауынгерлік қамтамасыз ету бағыты екені айтылған. Әлеуметтік желідегі жазбаға сенсек, старшина өз міндетіне жауапсыздық танытқаны соншалық, рота сарбаздары бұдан бұрын әскери қызметін атқарып кеткен жауынгерлердің іш киімін киюге мәжбүр.

Кейбіріміздің іш киімдеріміз түсі өңіп, матасы іріп, жыртылып қалған. Ал, әскери қызмет формасы соңғы 3-5 шақырылым бойы жаңартылмаған,

дейді сарбаздар.

Олар әскери басшылықтан жағдайға араласып, "шынайы тексеру" жүргізуді сұрайды.

ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі бұл деректің шынайылығын анықтауға кіріскенін айтты.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров