Индустрияландыру бағдарламасының бес жылдығынан нәтиже болған жоқ – депутат

Бек ТӨЛЕУОВ

Айқын Қоңыров / parlam.kz

Индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасына сапалы өзгеріс әкелген жоқ, деп хабарлайды ЭК.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.

"Былтырғы жыл оңай болған жоқ. Төтенше жағдай жарияланды. Мемлекеттің бюджет саясатына азаматтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеу, негізгі әлеуметтік қызметке қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ экономиканың тұрақтылығын сақтау міндеті жүктелді. Мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы, пандемия кезіндегі шектеулердің салдарынан іскерлік белсенділіктің төмендеуі негізгі экономикалық факторға әсер етті. 2020 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 10 миллиард доллардан астам көрсеткішке төмендеді, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 8%-ға жуық қысқарды", — дейді депутат.

Ол дағдарысқа қарсы күрес теңгенің құнсыздануы есебінен жүргізілді, соның нәтижесінде бюджет кірісінің бір бөлігі өтелді деп отыр.

Білім беру мен денсаулық сақтау сынды екі базалық әлеуметтік салада дағдарыс орнады: Дәрі-дәрмек бағасының өсуі, медициналық қызметтерге қолжетімділіктің шектелуі байқалып, білім беру қызметінің сапасы айтарлықтай нашарлады.

"Дағдарысқа қарсы қолдаудың басты құралы атаулы — әлеуметтік көмек болды. Мұндай көмек 936 мың адамға берілді. Бұл алаңдатарлық көрсеткіш.Табыстың тұрақты өсуінің жалғыз көзі жеткілікті қарқынмен өспейтін еңбек өнімділігін арттыру болып саналады. Бұл жерде мәселе пандемиядан туындаған қазіргі құлдырау емес, жүзеге асырылып жатқан кезекті индустриялды бесжылдықтың әзірше сапалы өзгеріс әкелмегеніне байланысты болып тұр", — дейді депутат.

Ол еліміздің өңдеу өнеркәсібі саласын технологиялық дамытуға және цифрландыруға 2 миллиард теңге қаражат пайдаланылды. Шикізаттық емес тауар мен қызмет экспортын дамытуға және ілгерілетуге 7,5 миллиард теңге жұмсалды деп отыр.

"Біз технологияны дамытуға емес, тауарларды жылжытуға бірнеше есе көп қаражат жұмсаймыз. Технологиялық даму өндірісті цифрландырумен алмастырады. Алайда цифрлық технологияларды қолдану көрсеткіші инновациялық белсенділіктің өсуіне және өңдеу өнеркәсібінде жаңа өнімдердің пайда болуына әкелмейді.Есепте цифрландыру есебінен 100 мың жұмыс орны құрылатыны айтылады. Оның басым бөлігі электронды коммерцияны қамтиды. Яғни қоғамдық тамақтандыру мен сауда саласы жеткізу жүйесіне ауыстырылады. Бірақ жақында жеткізу қызметінің курьерлермен болған еңбек жанжалы еңбек қатынасының осалдығы мен кемшілігін көрсетті", — деп қорытты ойын Айқын Қоңыров.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров