Медицина қызметкеріне дөрекі сөз айтқан ерлі-зайыптыларға айыппұл салынды

Кәмшат ҚОПАЕВА

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында ерлі -зайыптылар медициналық қызмет көрсетуге келген маманға әдепсіздік танытты,-деп хабарлайды ЭК.

Жедел-жәрдем шақырған отбасының үйіне барған медицина маманы өз қызметін атқарып жатқан сәтте, үй иелерінен дөрекі, өзін қорлайтын ауыр сөз естиді. Екі жақтың арасында түсініспеушілік туады. Ерлі-зайыптылардың бұл әрекетіне шыдамаған медицина қызметкері арызданып, сотқа шағымданады. Аудандық сот ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодекстің 80-1 бабы бойынша іс қозғады. Сот отырысында ерлі -зайыптылар өздерінің кінәсін мойындап, енді мұндай өрескел әрекетті қайталамайтындарын айтты. Жәбірленуші хаттамада көрсетілген жазбаның барлығы шын екенін, өзінің қатты қорыққанын жеткізді. Сот отырысының соңында екі жақ татуласып, жәбірленуші кешірім берді.

Сот қаулысымен зайыбына бір тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалса, жұбайына 61 257 теңге айыппұл салынды. Аудандық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қаулы заңды күшіне енді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров