Басқарманың бұрынғы басшысына қатысты тергеу басталды

Нұрболат АДЫРБЕК

Әкімдіктің баспасөз қызметі / Айдар Беркімбаев

Алматы облысы Энергия тиімділігін қамтамасыз ету басқармасының экс-басшысы Айдар Беркімбаевқа қатысты 630 миллион теңгені жымқырды деген күдікпен тергеу басталды, деп хабарлайды ЭК.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров өзінің Faceebok әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Бүгін "Нұр Отан" партиясы жиналыс өткізді. Онда партия мүшесі, Алматы қаласы Энергия тиімділігін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Беркімбаев Айдар Шарлизұлына қатысты Экономикалық тергеу департаментінің материалдары қаралды,

деп жазды депутат.

Оның айтуынша, бұған дейін де, яғни 2020 жылы Беркімбаев "Алматытеплокоммунэнерго" ЖШС директоры бола отырып, мүліктік зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша күдікті болған. Істі Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу басқармасы қозғаған. Нәтижесінде, осы жылдың ақпан айында Алматы қаласы әкімінің орынбасарына А.Беркімбаевты қызметінен босатуға дейінгі тәртіптік шаралар қолдану туралы ұсыныс жіберген.

Енді Беркімбаевқа қатысты қайтадан қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бірақ бұл жолы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары қозғаған. Ол "Өңірлерді дамыту" мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 630 миллион теңгені жымқырды деп күдікке ілінді. Бұл қылмыс Беркімбаев Алматы облысының энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болған кезде 2018-2019 жылдары жасалған деген болжам бар.

"Беркімбаевқа қатысты оның "Алматытеплокоммунэнерго" ЖШС-де басшы болған еезінде жасалған сыбайлас жемқорлық сипатындағы фактілерді, сондай-ақ Алматы облысында басқарма басшысы кезіндегі қозғалған қылмыстық істі ескере отырып, кеңес А.Беркімбаевты "Нұр Отан" партиясынан шығаруды ұсынды", — деп жазды мәжілісмен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров