Дәрігерлер соты: "Конституциялық құқығымыз бұзылды"

Фархат ӘБІЛОВ

Pixabay

Атырау облыстық сотында, жаңа туған нәрестені тоңазытқышқа салып өлтірді, деп айып тағылған облыстық перинаталды орталықтың дәрігерлерінің аппеляциялық шағымы қаралды, деп жазады ЭК.

18 қаңтарда Атырауда сот жаңа туған сәбиді алдын-ала келісім бойынша нәрестені өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталды орталықтың дәрігерлеріне үкім шығарған болатын. Сот кінәлі деп тауып, аталған орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жәмила Құлбатырованы 15 жылға бас бостандығынан айырған еді. Сондай-ақ неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаеваны жасалған қылмысты хабарламағаны үшін кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығын шектеу үкіміне кесілген болатын. Бұл үкіммен келіспеген кінәлілер облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірді.

21 маусым күні облыстық соттың ғимаратында аппеляциялық шағымды қарау басталды. Сот залында перинаталды орталықтың сотталған дәрігерлері Қуаныш Нысанбаев, Асқар Қайыржан, Жәмила Құлбатырова мен олардың адвокаттары болды.

Адвокат Жамбыл Мұқашев қорғалушысының іс материалдарымен таныспағанын мәлімдеп, бастапқыда істің 40 том, содан кейін 43 том болғанын айтты. Оны басқа адвокат Нұрлан Жолболов қолдады.

Іс Жоғарғы сотқа жолданған кезде, істе 69 том болды. Менің қорғалушыларым Нысанбаев пен Асқар іс бойынша кейбір құжаттарды, CD дискілерді және басқа да тасымалдаушыларды көрмегенін айтты. Бұл жерде олардың конституциялық құқықтары бұзылып отыр,

деді Жолболов.

Айыпталушы Қуаныш Нысанбаев пен Асқар Қайыржан соттан өздеріне бұрын істе болмаған материалдармен танысуға мүмкіндік беруін өтінді.

Жарияланған 15 минут үзілістен соң сот алқасы облыстық сот ғимаратында сотталғандардың іс материалдарымен танысу кестесі жасалады деген шешім шығарды. Келесі отырыс 2 шілдеде таңертеңгі сағат 10.00-де өтеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров