Сауда министрі картоп сұрау үшін Өзбекстанға ұшатын болды

Бек ТӨЛЕУОВ

Pixabay

Бақыт Сұлтанов алдағы уақытта картоп бағасының өсуіне жол бермеу үшін қандай қадамдар жасалатынын айтты, деп хабарлайды ЭК.

"Бүгін мен Орталық Азия елдеріне іссапармен шығамын. Негізгі мақсат — форвадтық келісімшарттарды пысықтау. Соның ішінде картоп, сәбіз, пияз пен қырыққабат сияқты өнімдерді өзара жеткізу мәселесі де бар. Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанмен форвардтық келісімшарттарды рәсімдеудің нәтижесінде бірқатар азық-түлік өнімінің тапшылығы жойылады", ­- деді Сауда және интеграция министрі халыққа есеп беру кездесуінде.

Оның айтуынша, өзара тауар жеткізудің нақты тәртібі болады. Яғни маусымаралық кезеңде піспей тұрған өнім көрші елдерден жеткізіледі.

"Ал өз өніміміз шыққанда, керісінше көршілерге жөнелтіледі. Осылайша қымбатшылықтың алдын алуға мүмкіндік бар.Әрине, қажетті өнімді мемлекет сатып алмайды. Кәсіпкерлер арасында тығыз байланыс болуы қажет. Осыған байланысты мен өзіммен бірге Тәжікстан мен Өзбекстанға тиісті делегацияны алып барамын", — деді министр.

Ведомство басшысы, картоп пен сәбіздің қымбаттауы қазіргі кезде бұл қоғам мен бизнесті алаңдатып отырған өзекті мәселе екенін де айта кетті.

"Әсіресе, әлеуметтік желілерде сын айтылып жатыр. Алайда нарықта қалыптасқан бұл жағдай ұсыныс пен сұраныс теңгерімінің және өңірлер арасындағы көкөніс өнімдері бойынша сауда қатынастарының үзілуіне байланысты туындап отыр. Мұндай жағдайды бізде ғана емес, көршілес елдерде де көріп отырмыз. Мысалы, Ресейде сұраныс артып отыр. Сондықтан елімізде картоп бағасының шарықтауына жол бермес үшін тиісті ақпараттық жүйелердің мүмкіндігі назарға алынады", ­- деді Сұлтанов.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров