Үкімет вакцина алмағандарға қатысты жаңа талап бекітті

Ауғанбек МАНАРБЕКҰЛЫ

©ЭК/Андрей ХАЛИН

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен еліміздің аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ЭК.

Нұр-Сұлтан қаласында Үндістанда анықталған "Дельта" штаммына тән COVID-19 мутациясының анықталуына байланысты Ведомствоаралық комиссия ел аумағында карантинге байланысты қатаң шаралар қабылдауды ұсынды.

Бұдан былай, COVID-19-ға қарсы вакцинасыз (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып шыққан адамдарды қоспағанда) қызмет көрсету саласының жұмысшылары, ірі өнеркәсіптік ұжымдардың мамандарына еңбек орнына баруға шектеу енгізіледі.

Аталған нысандарда еңбек ететін, әрі вакцинациялауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ азаматтар екпе алудан бас тартса, 7 күн сайын міндетті түрде ПТР тапсыруға тиіс.

"Ashyq" жобасына қосылуға ниетті кәсіпкерлік субъектісіне және бұған дейін де қосымшаны қолданып келген нысандарға барлық қызметкерлерін вакцинациялау талап етіледі. Сонымен қатар, "Ashyq" жобасына сауда ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлері мен базарларды қосу талабы қойылды.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша карантиндік режимді күшейту жөніндегі ұсынысы қолдау тапты. Бас қалада азық-түлік сататын нысандардан басқа бизнес нысандары жұмыс күндері сағат 17:00-ге дейін ғана қызмет атқарады, сенбі және жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Мейрамханалар, дәмханалар мен асханалар жұмыс күндері 7.00-20.00 аралығында қызмет атқарады. Діни, мерекелік іс шараларға да қатысты жаңа талап бар. Ашық ауадағы іс-шаралардың қатысушылар саны 100 адамнан аспауы тиіс.

Сонымен қатар, Е. Тоғжанов орталық мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге штамның жоғары контагиоздылығын ескере отырып, "Дельта" штаммының таралуының алдын алу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды.Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылғы 28 маусымға дейін резервтік қорлардағы төсек қорына, кадрлық қамтамасыз етуге, дәрі-дәрмектердің жеткіліктілігіне тексеру жүргізу тапсырылды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров