Жетісайда жүргізушілер жолды жаппақ болды (видео)

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Бейнеден кадр

Жанар-жағармай бағасының көтерілуіне ашынған жұрттың шуы басылар емес.

Өңірде жанармай бағасы қымбатқа сатылып жатыр, деп хабарлайды ЭК

Әлеуметтік желіде Жетісай қаласындағы бензин тапшылығы туралы видео тарады. Онда жанар жағармай бекетінің алдына жиналған жүргізушілер бензин мен дизель отынының жоқтығын айтып, наразылықтарын білдірген. Тіпті ашуға булыққан тұрғындардың "таңертең жолды жабамыз" деген сөздерін анық естуге болады.

Бүгін Жетісай ауданы әкімдігіне хабарласып мән-жайды анықтадық.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі Бейбіт Қазыбеков қазір жағдайдың тұрақтала бастағанын жеткізді. Аудан аумағындағы жанар-жағармай бекеттерінің басым бөлігіне бензин мен дизель отыны жеткізілген. Газ да келіп жатыр. Дегенмен, аймақ жанар-жағармаймен әліде толық қамтылмаған.

Әкімдіктегілер бір-екі күнде жағдай толығымен ретке келеді деп сендіреді.

Тұрғындардың сөзінше Жетісайда жанармай бағасы өскен. Бензинге 20-25 теңге, дизель отынына 70 теңге шамасында қосылған. Газ да 20 теңгеге қымбатқа сатылуда.

Бірақ, кәсіпкерлік нысандарына жарияланған мораториге байланысты жергілікті әкімдік бағаға бақылау жасай алмай отырған жайы бар. Сондықтан, тұрғындар бұл іске арнайы органдардың араласуын сұрап отыр. Ал, кешегі күні Түркістанда өткен Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі Комитетінің кезектен тыс жиынында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысы Әліби Тұрысбаев департамен тарапынан талдау жұмыстары жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда шара қолданатынын ескерткен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров