Сот-сараптамасы қызметіне өзгеріс енгізу үшін мемлекеттік емес ұйым құрылады

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында сотсараптама қызметіне өзгеріс әкелетін жаңа заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды ЭК.

"Заң жобасы тәжірибедегі проблемалық мәселелерді шешуге, олқылықтарды жоюға, сот-сараптама қызметі саласындағы құқықтық реттеу тәртібін белгілеуге бағытталған. Біріншіден, сот-сараптама қызметінде жаңа субъект — "мемлекеттік емес сот-сараптама ұйымының" пайда болуы. Бұл жеке сот сарапшыларының жұмысын одан әрі дамытуға және институционалды нығайтуға негіз болады", — дейді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.

Ол бұл жаңашылдық жеке сот сарапшыларының сот-сараптама қызметі үшін материалдық-техникалық, зертханалық және ғылыми база құру бойынша бар ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сот сараптамасы мемлекеттік аппаратының жүктемесін жеңілдетіп, сараптама жүргізу мерзімін айтарлықтай қысқартады деп отыр.

"Екіншіден, құжатта сот сарапшыларын аттестаттау рәсімін сертификаттау рәсіміне ауыстыру ескерілген. Сертификаттау сот сарапшыларының кәсіби, оның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкестігін неғұрлым тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу сапасының жоғары деңгейін қамтамсыз етеді. Сондай-ақ сот-сараптама қызметін стандарттау рәсімін енгізу сот сарапшысына зерттеу барысында валидациядан өткен ғылыми негізделген әдістемелермен қатар, ұлттық стандарттарды да қолдануға мүмкіндік береді", — дейді депутат.

Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеушілер Әділет министрлігінің және Сот сарапшылары палатасының кейбір құзыреттерін нақтылады. Бұның нәтижесінде сот-сараптама қызметтері нарығында бәсекелестікті қалыптастыру міндеті мен мемлекеттік бақылау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Сонымен бірге, сот-сараптама қызметтерінің реттелмеген нарығын құру және бұл қызметті бақылаусыз коммерцияландыру қаупін болдырмайды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров