Депутаттар екі айлық демалысқа кетті

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Бүгін Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымының алғашқы сессиясы аяқталды, деп хабарлайды ЭК.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында осы сессия өз жұмысын Тәуелсіздіктің 30 жылдығында бастағанын айтта кетті.

"Осы сессиядағы жаңа және нақты қадамдар Мәжілістің заң шығару жұмысын одан әрі күшейтуге жол ашты.Соның нәтижесінде Мәжіліс саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызы зор көптеген заңдарды қабылдады. Бірнеше парламенттік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сессия барысында депутаттар өздерінің заң шығарушылық бастамаларын белсенді қолданып, 10 заң жобасын әзірлеп шықты", — деді Нұрлан Нығматулин.

Ол сонымен қатар осы сессияда 230-дан аса депутаттық сауалдар жолданғанын айтады. Бұлар — индустриялық-инновациялық даму, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және аймақтық даму мәселелеріне бағытталған.

Палата спикері сессия аяқталғанымен депутаттар өңірлерге, шалғайдағы ауылдық жерлерге барып сайлаушылармен кездесетінін жеткізді. Жетінші шақырылымының келесі сессиясы қыркүйек айында басталады.

Айта кетейік, Мәжілістің жетінші шақырылымын биыл 15 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан болатын. Мәжілісте үш партияның және Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған, барлығы 107 депутат бар.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров