Дәрігерлер соты: "Нәрестенің мәйітін ауыстырып жіберген"

Фархат ӘБІЛОВ

Shutterstock 

Нәрестені тоңазытқышқа салып өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан апелляциялық сот кезінде мүрденің басқа нәрестеге тиесілі болғаны айтылды, деп жазады ЭК.

Сот үкімінің әділ екеніне күмән келтірген айыпталушылардың қорғаушылары мен өзге медициналық қызметкерлер Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатына арнайы шақырылған сарапшылар да сот ісіне күмән келтіріп, сотталған дәрігерлерді жақтады.

Қазақстан акушер-гинекологтары мен неонатологтар конгресінің сарапшысы Зоя Анның айтуынша, тоңазытқышқа салынған нәресте өмір сүруге қабілетсіз болған.

"Шаранада тыныс алу да, жүрек соғысы да болмаған. Бірақ кейін бұл көрсетілімдер өзгертілген және оттегі мен қоректік заттар жетіспеді деуге болады. Ашқан кезде ішкі ағзалардың даму ақаулары анықталды. Бауыр 10 есеге үлкейген — 800 грамм салмақта бауыр 200 грамм болды. Жүрегінің мөлшері де үлкен, нормадан 2-2,5 есе үлкен. Даму ақаулары, мерзімінен бұрын босану, су тапшылығы, плацентаның жеткілікті мөлшерде қалың болмауы — осының бәрі шарананың өмір сүруге қабілетті болмағанын білдіреді", — деп қорытынды жасады сарапшы Ан.

Тәуелсіз сот-медицина сарапшысы, Республикалық сот сарапшылары палатасының мүшесі Тахир Халимназаров БҚО мен Қарағандыда екі ретөткізілген сот-медицина сараптамасының кемшіліктерін атап өтті. Олардың қорытындысы бойынша баланың өлу себептері әртүрлі. Біріншісінде ішкі органдардың жетілмегеніне байланысты тыныс алу жетіспеушілігінен өлді десе, екіншісінде мұздатқышта жабық кеңістікте өлген дейді.

Екі қорытынды да шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені екі қорытынды бір-бірімен үйлеспейді,

деді сарапшы.

Олардан кейін адвокат Нұрлан Жолболов сөз алып, үкім шығару кезінде пікірлері ескерілу үшін дәрігерлерде ақталуға бірде-бір мүмкіндік қалмағанын айтты.

Менің қолымда ресейлік және қазақстандық мамандардың, акушер-гинекологтардың, дәрігер-неонатологтардың, әртүрлі сарапшылардың, соның ішінде салалық мамандардың қорытындылары бар. Бұл үкімді заңсыз деп санауға толық негіз бола алады,

деді адвокат.

Сондай-ақ, адвокаттардың пікірінше, тергеу барысында жәбірленуші Нұржамал Тұрымбетованың нәрестесінің мәйіті сараптамаға жіберілген кезде ауыстырылған. Себебі мәйітті белгілеуге арналған арнайы цифрлар Батыс Қазақстан облысынан келгенде әртүрлі болып келеді.

"Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сараптамадан кейін нәрестенің мәйіті Оралдан 2019 жылдың 30 қыркүйегінде қайтадан Атырауға жеткізіліп, сол күні ата-анасына қайтарылған. Алайда 2020 жылдың 7 қыркүйегінде сотта оралдық сарапшылар атыраулық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері оны 2019 жылғы 11 қазанда қорытындымен бірге алып кетті деп жауап берген. Демек екі мәйіт туралы сөз болып отыр. Тіркеу журналындағы мәйіттердің цифрлары қате. Цифрлар сәйкес емес — бұл басқа мәйіт екендігін білдіреді", — де"ді Жолболов.

Еске сала кетсек, осы жылдың 18 қаңтарында Атырауда жаңа туған сәбиді алдын-ала келісім бойынша өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне қатысты үкім шығарылған болатын. Сот бәрін кінәлі деп тауып, аталған орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жәмила Құлбатырованы 15 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Сондай-ақ, неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева жасалған қылмысты хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығы шектелген болатын. Бұл үкіммен келіспеген кінәлілер облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Апелляциялық сот отырысы Атырауда өтіп жатыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров