"Ауыл шаңнан көрінбейді". Ақтөбе облысында бір ауыл шаңға тұншығып отыр

Кәмшат ҚОПАЕВА

Pxhere

Шалқар ауданы Бершүгір ауылының тұрғындары қиыршық тас өндіретін зауыттардың шаңына тұншығып отыр, деп хабарлайды ЭК.

Мұғалжар тауының етегін қиыршық тас өндіретін зауыттар қопарып жатыр. Халық шаңнан көз аша алмайды. Қазіргі таңда ауылда қиыршық тас өндіретін 9 зауытың бесеуі жұмыс істеп тұр. 2019 жылы өндіріс орындарына тексеру жүргізіліп, технологияны сақтамағандарға тиісті шара қолданылған.

Ауылдық округ әкімдігінің мәліметінше, Кеңес Үкіметінің кезінде Бершүгір, Алабас, Сарысай ауылдарында үш зауыт болыпты. Кейін 2003-2004 жылдары жеке зауыттар салына бастаған. Жел зауыт жақтан соққан күні ауыл шаңнан көрінбей қалады. Шаңнан көз ашпаған тұрғындар осы мәселені айтып, облыстық экология департаментіне шағым жолдапты.

"Бершүгір ауылының тұрғындарынан шағым түсті. Арызда біраз мекеме көрсетілген. Оның ішінде, шағын, орта және ірі бизнеске жататын зауыттар бар. Шағын бизнесті тексеру үшін Экология министрлігінің рұқсаты керек. Сондықтан тұрғындардың арызын және бейнежазбаны қосып, министрлікке хат жолдаймыз. Министрлік жанынан құрылған комиссия қарап, шешім шығарады. Біз содан кейін ғана тексереміз. Ал орта және ірі бизнесті келесі аптадан бастап тексереміз", — деді облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Бершүгірден шығарылатын қиыршық тас жол және өзге де құрылысқа пайдаланылады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров