Тәжікстан президенті Қазақстан президентіне алғыс айтты


ҚР Президентінің баспасөз қызметі
Эмомали Рахмон Тәжікстанға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты, деп хабарлайды ЭК Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Екі ел Президенттері телефон арқылы сөйлесті. Олар бірқатар маңызды мәселелерді бірлесіп шешу жолдарына тоқталды. Әсіресе, сауда-саттық көлемін ұлғайтуға назар аударды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды екі ел Үкіметінің уақытылы әрі тиімді жүзеге асыру мүмкіндіктерін сөз етті.
Сондай-ақ, мемлекет басшылары Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін де талқылады. Тараптар екіжақты форматта да, көпжақты құрылымдар аясында да, соның ішінде, әскери-саяси сипаттағы бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруге дайын екенін атап өтті.
Естеріңізге салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев 19-20 мамырда Тәжікстанға ресми сапармен барған болатын. Сапар аясында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымын арттыру бойынша 2022-2023 жылдарға арналған жол картасын әзірлеу дайындығын құптаған еді.