Сенаторлар салықтың бірнеше түрін аудандық бюджетке түсіруге келісім берді

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында өңірлердің дербестігі мен жауапкершілік деңгейін арттыруға арналған заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды ЭК.

Заң жобасы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Аталған заң жобасында жергілікті бюджетті нығайту мақсатында — бюджеттің төртінші деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша 4 түрін беру қарастырылған.

— бірыңғай жер салығы;

— жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы;

— жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер;

— жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлемақы.

"Бюджеттік рәсімдерді оңайлату ұсынылады. Атап айтқанда, жиырма пайыздан аспайтын көлемде ауылдық округ әкімі аппараты үшін бюджетке түзетулер енгізуді көздеу ұсынылады. Түзету жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша жүргізілетін болады. Сондай-ақ мәслихаттардың шешімдерін әділет органдарында тіркеу қажеттілігі бойынша норманы алып тастап, бюджеттерді бекіту рәсімін оңайлату ұсынылады", — деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Одан бөлек, өзгерістер мәслихаттардың қызметіне де әсер ететіні атап өтілді. Мәслихат сессиясы төрағасының қызметін таратып, оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру ұсынылады. Сонымен қатар, әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда мәслихаттардың тұрақты комиссия төрағаларының босатылған екі лауазымын енгізу ұсынылады.Заңда көрсетілген тағы бір жаңалық елді мекендер мәртебесінің өзгеруіне қатысты. Егер 5 жыл бойы талаптарға сай келмесе қала, 3 жыл бойы талаптарға сай келмесе ауыл өз мәртебесінен айырылады.

"Қабылданған заң ауылдық, аудандық және қалалық деңгейдегі билік органдарына жергілікті маңызы бар мәселелерді жедел шешудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынады. Жаңадан сайланған мәслихаттар депутаттарының құқықтары да кеңейіп, мәслихаттардың жұмысы жалпы жетілдіріліледі. Болашақта бұл өзгерістер аймақтардың дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз", — Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров