Елімізде ет қымбаттамау үшін қой экспортын тоқтату ұсынылды

Бек ТӨЛЕУОВ

Әлеуметтік желіден

Бүгін Үкімет қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың ұсақ малды тірідей экспорттауға тыйым салу туралы ұсынысын қарады, деп хабарлайды ЭК.

Алмасбек Садырбаев Қазақстанда ет өндірісін дұрыс жолға қою үшін экспортқа деген мораториді бес жылға ұзарту керектігін, болмаса ет өндіру саласы құлдырап, еттің күрт қымбаттайтынын айтқан болатын. Осыған байланысты Үкімет бұл ұсынысты мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп қарастырды.

Жыл басынан бері қой басы 7,1 млн-ға өскен. Қазір Қазақстанда 27,1 млн бас ұсақ мал бар.

Елімізде жылына 172,4 мың тонна қой еті өндіріледі. Биыл төрт айда Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстан, Бахрейн және Ресейге 538 тонна қой еті экспортталды.

"Алайда, қой шаруашылығы саласындағы басқа қоғамдық ұйымдар қой экспортына тыйым салу мәселесі фермерлердің қаржылық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін екенін жеткізіп, тыйым салуды енгізбеу жөнінде ұстанымын білдірді. Жем-шөп тапшылығын, құрғақшылықты, жанар-жағармай шығынын және жем бағасын алға тартқан фермерлер пандемияға байланысты экспорттық нарықтар толық қалпына келтірілмегенін айтты. Фермерлер осындай қиын жағдайда тірі қойлардың экспортына тыйым салу олардың қаржылық жағдайына теріс әсер етеді деп есептейді. Сатып алу бағасының төмен болуына байланысты фермерлердің мал басын күтіп-бағуға жұмсаған шығындары өтелмейді және олар мал басын ұлғайтуға мүдделі болмайды", — делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәлімдемесінде.

Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығына сәйкес, ұрғашы қойды басын шығаруға тыйым салынған.

Тараптардың пікірлерін ескере отырып, ведомствоаралық комиссия тірі қой экспортына толық тыйым салу мәселесі ертерек деп есептейді.

Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне биылғы жылдың күзінде қой етін өндіру және сату секторының теңдестірілуін қамтамасыз ету мақсатында тірі малды экспорттауды квоталау тетігін енгізу тапсырылды.

Айта кетейік, 2019 жылы 10 қазанында Сенаттың жалпы отырысында депутат Әли Бектаев бір жыл ішінде сыртқа сатылатын ірі қара саны 2 есе, ал уақ мал саны 7 есе өскенін айтқан болатын.

"Оның 80 %-ын Өзбекстан Республикасының азаматтары сатып алған. Олар өздерімен шекаралас Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалысын іріктеп алып жатыр. Ең сорақысы, шетке сатылған малдың 50 %-ға жуығы — репродуктивті ұрғашы бастар. Яғни көршілес мемлекеттен Қазақстанның малын етке ғана емес, өздеріндегі мал сапасын жақсартуға және санын көбейту үшін сатып алады. Бұл өз кезегінде ет бағасын өсіріп, әлі де 1991 жылдың деңгейіне жете қоймаған Қазақстандағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізеді деген сөз", — деген еді Әли Бектаев.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров