Ақсу металлургтері баспаналы болды (видео)

Экспресс К

ERG баспасөз қызметі

Ақсу ферроқорытпа зауытының 42 қызметкері көптен күткен баспаналарына қол жеткізді.

Мұндай қуанышқа олар жұмыс орындарында күтпеген жерден кенеліп, сол бойы үйдің кілті қолдарына табысталды. Мұндай тосын сыйды ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы "Қазхром" ТҰК АҚ филиалының жетекшілері ұйымдастырды, деп хабарлайды ЭК.

Бес қабатты ғимарат ERG тұрғын үй бағдарламасына аясында салынған және қаланың келешегі зор аудандарының бірінде бой көтерген. Жанында өзге де төрт ғимарат және спорт сарайы мен алаңдар орналасқан. Бұл нысандар да кезінде Еуразиялық Топ пен Павлодар облысының әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру аясында іргетасы қаланды. Үйде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер бар. Олардың барлығы әрленіп, дайын күйінде үй иесіне тапсырылады. Жаңа құрылыс өткен жылдың соңында тапсыруға дайын болған еді, әйтсе де коммуникация жүйесін тартуда қиындықтар туындап, кідіріс болды. Ал қазір барлық қажетті жұмыс аяқталған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі аумақты абаттандыруға кірісіп те кетті. Пәтер кілтін алғандар арасында жоғары білікті мамандар мен тапшы мамандықтардың өкілдері, өндірістің жас жұмысшылары бар.

ERG баспасөз қызметіERG баспасөз қызметі
ERG баспасөз қызметі

— Кәсіпорынға жұмысқа тұрған бойда бірден баспана кезегіне тұрдым. Себебі, басқалай үй алудың амалы болмады. Он жыл бойы пәтер жалдап келдім. Бүгінде қолымда өз үйімнің кілті тұр, — деген металлургиялық жабдықтарды жөндеу цехының шебері Руслан Шандақбаев өз қуанышымен бөлісті.

Пәтерлер кілті металлургтерге олардың жұмыс орындарында табысталды. Дәл сол күні пеш жанында, ауысымда жүрген №2 цехтың балқытушысы Дәурен Сейсембаев үшін басшылықтың мұндай күтпеген сыйлықпен келуі тосын сый болды.

ERG баспасөз қызметіERG баспасөз қызметі
ERG баспасөз қызметі

— Менің үш балам бар. Енді кең үйімізде әркімнің өз бөлмесі болады. Мөлтек аудан да өте ыңғайлы, мектеп те жақын, балабақша мен аурухана да тиіп тұр. Ал ең бастысы, несие жағдайы отбасылық бюджетімізге қиынға соқпайды, — дейді Дәурен.

Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері пәтерді ERG үшін "Отбасы банкі" АҚ арнайы әзірленген бірегей несиелеу бағдарламасы бойынша төмен пайыздық мөлшерлемемен ұлттық валютада, келешекте сатып алу құқығымен 20 жылға дейінгі мерзімге жалға алды. Бұл үшін алғашқы жарна да қажет емес.

— Біздің кәсіпорын үшін адамдар бәрінен де маңызды — басты құндылық. Сондықтан біздің қызметкерлердің лайықты жағдайда өмір сүруі маңызды, — деді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Валентин Чихичин. — Ал баспана, әсіресе жастар үшін — өзекті мәселелердің бірі. Еуразиялық Топтың басшылығы мұны жақсы түсінеді. Сол себепті компания ауқымды тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруда.

Бұл — ферроқорытпа зауытының жұмысшыларына арнап салынған бесінші үй. Осылайша, 2009 жылдан бері 260-тан аса қызметкер пәтер кілттеріне ие болды. Бұдан бөлек, тағы 50 пәтерлік тұрғын үй тапсырылуға дайындалып жатыр.

ERG баспасөз қызметіERG баспасөз қызметі
ERG баспасөз қызметі

Анықтама үшін: Еуразиялық Топтың (ERG) құрамындағы "Қазхром" ТҰК" АҚ — бұл әлемдік деңгейдегі заманауи вертикалды интегралданған компания, дүниежүзіндегі тау-кен-металлургия саласы бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі, хром кенінің сапасы бойынша әлемдегі озық компаниялардың үздігі. Жер қойнауын барлаудан бастап, пайдалы қазбаларды өндіру және байыту, жоғарғы қосымша құнымен өнім шығаратын металлургиялық өндірістен тұратын тау-кен-металлургиялық кластерінің толық циклы болып табылады. Компания жылына 5,6 млн. тонна хром кенін, 480 мың тонна марганец кенін және 1,8 млн. тонна ферроқорытпа өндіреді. "Қазхром" ТҰК" АҚ төрт құрылымдық бөлімше-филиалдарды біріктіреді: Дөң тау-кен байыту комбинаты (Ақтөбе облысы, Хромтау қ.), "Қазмарганец" кен басқармасы (Қарағанды облысы), Ақсу ферроқорытпа зауыты (Павлодар облысы) және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты (Ақтөбе облысы).

Eurasian Resources Group (ERG) — табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында толық біріктірілген, әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Төрт құрлықта орналасқан 15 елде Еуразиялық Топтың кәсіпорындары өз саласы бойынша ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады.

Бүгінде ERG жоғары көміртекті феррохром құрамындағы хром үлесі бойынша Еуразия кеңістігіндегі көшбасшы әрі темір кенін жеткізуші ірі компанияға айналды. Қазақстандағы жоғары маркалы алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын Топ құрамында. Сондай-ақ, мыс пен кобальт жеткізуші ірі компаниялар қатарында.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров