Ауыл әкімдерін сайлауға қанша қаржы жұмсалады?

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 4,7 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды ЭК.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина айтты.

"2021 жылдың 24 мамырында Президент "2021-2023 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы" ҚР заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойған болатын. Онда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық окургтердің әкімдерін сайлауға қаражат қарастырылған. "Республикалық бюджет туралы" заңда ауыл әкімдерін сайлауға осы жылдың соңына дейін 4,7 млрд теңге қарастырылып отыр", — дейді Сабила Мұстафина.

Оның айтуынша, жұмсалатын қаржы базалық шығынға негізделген.

"Жалпы, сметаның 80 пайызы сайлау комиссиясы мүшелерінің жалақысы, БАҚ-тағы жарияланымдар, полиграфия және басқа өнімдер, көлік жалдау, байланыс қызметі, іс-сапар шығыстары, сонымен қатар сайлау комиссияларының барлық мүшелерін жеке қорғаныс заттармен қамтуға жұмсалады", — дейді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

Осы жылдың соңына дейін елімізде 755 ауыл әкімі сайланатынын айта кетейік.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров