Қарағандыда құрылысшы үй иесінің саймандарын ұрлап кетті


Әлеуметтік желіден
Жалдамалы жұмысшы 200 мың тұратын құрал-жабдықтарды қолды қылып кеткен, деп хабарлайды ЭК.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасының дерегіне сүйенсек, 12 маусым күні Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 44 жастағы қала тұрғыны хабарласқан. Жәбірленуші құны 213 мың теңге болатын құрылысқа арналған құрал-жабдықтарын ұрлап кеткенін айтып, арызданған.
Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, жәбірленуші үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбекші болған. Хабарландыру арқылы құрылысқа икемі бар адам тапқан. Алайда құрылысшы бірқатар құрал-жабдықтарының жоқтығын айтқан. Үй иесі оған керек құрал-жабдық сатып алып берген.
Алдын ала ақысын төлеп, ертеңіне келсе, құрылысшы үйде болмаған. Сатып әперген құрал-жабдықтары да ұшты-күйлі жоқ.
32 жастағы күдікті ұсталып, тергеу амалдары басталды.