Әскери техника жасауға әуес музыкант туындыларын музейге тарту етті

Экспресс К

Қостанай облысында музыкант Сәулет Мырзатаев түрлі соғыс техникаларын құрастыруды хоббиіне айналдырған, деп хабарлайды ЭК.

Оның қолынан шыққан шағын макеттер түпнұсқаға дәлме-дәл келеді.

Сәулет бала күнінен соғыс туралы кітаптарды көп оқып, киноларды көріп өскен. Әскери көліктерді жасауға құмарлығы сол бала күнінен басталған еді. Әйткенмен ден қойып кіріспеді. Өнер жолын таңдап, Қостанай мәдени ағарту училищесіне түсті. Одан әрі білімін педагогикалық институтта жалғастырды.

2016 жылы өнерпаз Түркістанға сапарлап барады. Тарихи мекендегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі әншінің жүрегіне өшпестей болып орнығады. 2018 жылы отбасы жағдайымен облыс орталығынан Науырзым ауданына қоныс аударған музыкант көкейінен шықпай қойған кесененің макетін жасауға кірісті. Бір жыл өткенде ғажайып "ғимарат" дүниеге келді. Туындының өте сәтті шыққаны сондай, Сәулеттің сенімі оянды. Кесенені аудандық кітапханаға сыйға тартқан ол, бала күнгі арманын жүзеге асыруға көңілі шындап ауды.

Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Катюша" — БМ-13 реактивті артиллериялық жауынгерлік машинасының масштабталған макетін құрастыруды қолға алды. Оған бір жылдай уақытын сарп етті. Ұзындығы 80 см макет бүгінде Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлер қатарын толықтырған. Ал, Т-34 танкісінің нобайын 23 маусым — полиция күні қарсаңында Қостанай облыстық полиция департаментінің мұражайына сыйға тартты. Танк өнерпаздың жеңістің 76 жылдығына жасаған тартуы.

"Т-З4 танкісі өз кезеңінде салмағы ең ауыр (26,5-30,9 тонна) техника болатын. Ол соғыс жылдары аңызға айналды. "Катюша" да солай. Аталған техникалардың жеңіс жалауын желбіретуге қосқан үлесі зор. Макеттердегі жасаудағы мақсатым — майданда ерлік көрсеткен қаһарман ата-бабаларымыздың рухына тағзым жасау, — дейді өнерпаз.

Сәулет туындыларын жасауға түрлі материалдарды пайдаланады. Ағаш, қаңылтыр, пластмасса, қатты қағаз, резиналарды ретіне қарай қолдана береді. "Бұл менің — хоббиім. Сондықтан асықпай, бірақ сапалы етіп шығарғанды жақсы көремін", — дейді ол.

Өнерпаз туралы айта кетсек, Сәулет Қуандықұлы 1972 жылы Науырзым ауданындағы Қайғы ауылында туған. Бүгінде Қарамеңді ауылының тұрғыны. Науырзым аудандық "Арман" мәдениет үйінде сүйемелдеуші болып жұмыс істейді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров