Алматының азық-түлік қауіпсіздігіне 22 миллиард теңге жұмсалды

Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз етуге 22 миллиард теңгеге келісім-шарт жасалған, деп хабарлайды ЭК.

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" РММ-нің "Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы" баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Былтыр айналма схемасын қостық. Яғни, ірі сауда желілеріне, тауар өндірушілерге жеңілдігі бар кредит береміз. Ал олар бағаны өсірмеуді міндетіне алады. Осылай азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуін реттеп отырмыз,

деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, картоп, сәбіз және басқа да көкөністер аралық кезеңде нарықта жоқ. Сондықтан баға өскен.

"Қазір біз азық-түліктің барлық түрін жеткізу жөнінде Түркістан облысымен келісім жасастық. Қант бойынша Алматы облысындағы Ақсу зауытымен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл шаралар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді. Сондай-ақ Тәжікстанмен тікелей жұмыс жасап жатырмыз. Біздің бизнес өкілдері тікелей байланыс орнатты. Тәжікстаннан бірінші жеткізілім келе жатыр", — деді қала әкімі.

Сағынтаевтың айтуынша, Алматы қаласы жыл сайын миллион тонна азық-түлік тұтынады. Алматы облысы Алматы қаласын қамтамасыз ете алады. Бұл — жергілікті шаруаларға да үлкен мүмкіндік.

Жалпы, 22 миллиард теңгеге келісім-шарт жасастық. Бұл мақсатқа бюджеттен жақсы қаржы бөлініп жатыр. Барлық базарларда бағасы нарықтан 30-50 пайыз арзан болатын әлеуметтік сауда нүктелерін аштық. Сондықтан басқалар да бағаны түсіруге мәжбүр болады,

деді қала басшысы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров