Ақтөбе облысында шаруаларды шегіртке алаңдатып отыр (видео)

Кәмшат ҚОПАЕВА

Pixabay

Әйтеке би ауданында шегіртке көбейіп, шаруалар әбігерге түсті, деп хабарлайды ЭК.

Биыл Әйтеке би ауданында қуаңшылық болып тұр. Шаруалар шөптің жиырма бес пайызы ғана шыққанын айтады. Оның үстіне шабындық жерлерді шегіртке жайлаған.

Көктемде шамалы улады. Бірақ қазір көбейіп кетті. Егер егіске түссе түгін қалдырмайды жапырады. Ауданның Ақтасты, Жабасақ, Аққұм, Құмқұдық ауылдарының аумағы, яғни барлық жерде шегіртке көп,

деді "Шыңғыс" шаруа қожалығының басшысы Орынбай Жолмұрат.

Қожалық басшысы екі ұшақ ауданды улап жүр дегенді естіген. Бірақ олардың жұмысына көңілі толмайтынын, тендерді ұтып алғандар жұмысты тиянақты атқармайтынын айтты. Аққөл селолық округінің бас маманы Тасқынбай Сағынғалиев та қазір аумақтағы шаруалар шегіткеден көз аша алмай отырғанын жеткізді. Округтің аумағының 25 шақырым болатын жерінде шегіртке қаптап жүр. Тек бұл емес, ауданның өзге округтеріндегі де жағдай осы.

-Бұл мәселе аудан әкімдігіне айтылды. Шегірткені ұшпай тұрып өлтіру керек еді. Ұшып кеткеннен кейін олар ұя салады. Қазір шаруалар бір жағы шегіртке, екінші жағы дала өртінен қауіптенеді. Оның үстіне биыл ауданда қуаңшылық болып тұр. Қожалық иелері қысқа қамдану керек. Ал шегіртке шөпті отап жатыр. Жүрген жерінен түк қалдырмайды. Ал улау жұмыстары жүргізіліп жатқанын өзім көрмедім, — деді Тасқынбай Сағынғалиев.

Ал облыстық аумақтық инспекцияның бастығы Дастан Сағыров мердігер мекемелердің шаруаны дұрыс атқармайды дегені алып-қашпа әңгіме екенін, жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатқанын алға тартады.

-Шегірткеге қарсы улау жұмыстары жыл сайын жоспарлы түрде жүреді. Әйтеке би ауданы бойынша биыл техника жеткілікті, яғни екі ұшақ, екі үлкен техника, екі "Уаз" автокөлігі бар. Қазірдің өзінде жұмыс жүріп жатыр. Техникалар сол ауданда тұр. Қажетті препараттар да жеткілікті. Негізінен таңертеңгі уақытта уланады. Жыл сайын улайтын аумақ көбейіп келеді. Биыл облыс бойынша Шалқар, Әйтеке би, Ырғыз аудандары аумағындағы 70 390 гектар жерге улау жұмыстары жүргізіледі. Әйтеке би ауданында 22 940 гектар жер уланады. Биыл жаз ерте ысыды. Ыстық кезде шегіртке тез көбейеді.

Шегіртке көп жерлерге зерттеу жүргізіліп, уланатын жердің көлемі анықталады. Мердігер компания жұмысына испекторлар бақылау жасайды. Егер атқарған жұмыстары нәтижесіз болса, актіге қол қойылмайды,- деді инспекция басшысы.

Шегірткеге қарсы улау жұмыстары он күннен кейін аяқталады.

Алайда ауданның шаруалары улау жұмыстары нәтижелі жүргізілмесе, шегіртке барлық жерді отап кетінін айтып, алаңдап отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров