"Экспресс К" газеті жаңа форматқа ауысты

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК

Бүгін бір ғасырдан астам тарихы бар "Экспресс К" газетінің соңғы нөмірі жарық көрді, деп хабарлайды ЭК.

Газет баспадан соңғы нөмірін шығарып, енді жаңа форматқа ауысты. Бұдан кейін "Экспресс К" газеті электрондық форматта 24/7 режимінде ақпарат таратады.

"Экспресс К" газетінің ғұмыры ұзақ болды. Архивте газеттің 19 538 нөмірі сақтаулы тұр. Яғни басылымның осынша нөмірі баспадан шығып, әрбір оқырманға жетті. Оқырмандар "Экспресс К" газеті арқылы Қазақстанның және алыс-жақын шетелдің өзекті жаңалықтарынан хабардар болып отырды. 25 маусымда газеттің соңғы нөмірі жарық көрді. Енді әрі қарай тағдыры қалай болмақ? Бұл сұраққа жауап беретін болсақ, газет ретінде жұмысын тоқтатады. Бірақ бренд ретінде өзінің атауын сақтайды", — деді "Экспресс К" газетінің бас директоры Александр Аксютиц.

©ЭК©ЭК
©ЭК

Оның айтуынша, енді басылым толыққанды цифрлы ақпарат құралы ретінде жұмысын жалғастырады.

"Мұқият қарап жүрген оқырман мұндай қадамның басталғанын байқап үлгерді деп ойлаймын. Біздің газет Қазақстанда алғашқылардың бірі болып өзінің веб-сайтын ашқан. Ол кейіннен бірнеше рет өзгертіліп, жаңарды. Редакциямыз республикада бірінші болып, сайтқа көшу үшін басылымның қағаз нұсқасына QR код технологиясын енгізді. Жақында ғана басылымның шығарылымы аптасына бірден беске дейін азайды. Көріп отырғаныңыздай, цифрлық әлемге біз бірден секіріп кеткен жоқпыз. Біртіндеп қадам бастық",- деді бас директор.

Осы ретте ол exk.kz атты жаңалықтар порталын іске қосқанын, алғашқы қадамдар көз қуантарлық жағдайда екенін жеткізді.

"Жаңа портал бастапқы бір жарым айда ЭК-ның ескі сайтының аудиториясынан 2,5 есеге асып түсті. Біз барлық ақпараттық саясатымызды жаңарттық. Толыққанды қазақша редакциямызды ашып, жаңа кеңсеге көштік. Ең бастысы, командамызды жоғары деңгейлі кәсіби мамандармен күшейтіп жатқан жайымыз бар. Соның арқасында "Экспресс К" жариялаған мақалалардың оқырмандары көбейіп, әлеуметтік желіде қызу талқы жүріп жатыр", — дейді Александр Аксютиц.

Айта кетейік, "Экспресс К" газеті ең алғаш 1920 жылы 7 қарашада "Юношеская правда" деп шыққан. Былтыр 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Газет Кеңес одағы тұсында жастарға арналған басылым болды. Одан кейін атауын бірнеше рет өзгертті. Ұзақ жылдары "Ленинская смена" болып шығып жүрді. Ал 1991 жылдан бері "Экспресс К" деп аталды. 2009 жылы газеттің редакциясы Алматыдан елордаға қоныс аударды. "Алтын жұлдыз" сыйлығымен марапатталғанын айта кету керек.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров