Мамандығы мұғалім, бірақ ол өндіріс саласын таңдады

Экспресс К

ERG баспасөз қызметі

Кәсіпорындарда өмір жолдары өндіріспен өрілген қызметкерлер туралы жиі жазылып келеді. Соның бірі Қайрат Дүйсембаев. Ол қазір ERG құрамындағы «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы «Қазмарганец» кен басқармасының экскаватор машинисі, деп жазады ЭК.

ЭК тілшісі кейіпкердің еңбек жолына қызығып өзара әңгімелесіп көрген еді. Тарих пәнінің мұғалімі осыдан он жеті жыл бұрын "Қазхромға" жұмысқа ауысқан. Қазір ол жаңа мамандықтың кәсіби шебері.

-Егер маған өмірімді басынан бастауға мүмкіндік берсе, бірден осы кәсібімді, өндірісті таңдар едім- деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Алғашқы еңбек жолын педагогика саласынан, оның ішінде тарих пәнінің мұғалімі ретінде қаладым. Кейін уақыт өте өндіріске бет бұрады. Оған себеп — тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі сеп болса керек.

Сол бір қиын шақ кім-кімнің де есінде. Қайрат Жезқазғандағы шахтада шамалы уақыт экскаватор маңайында жұмыс істеген екен. Кейіннен отау құрған соң, ауыл ағайындарының айтуымен туған қаласынан 300 шақырым жердегі "Қазмарганец" кенбасқармасына жұмысқа барады. Сол күннен бастап ол өз ортасын тапқандай. Кенішке бастапқыда экскаватор машинисінің көмекшісі болып орналасты, уақыт өте экскаваторды тізгіндеді. Қазір осы жұмыста жүргеніне 17 жыл өтіпті.

Электрлік экскаватордан бастап, қазір техниканың гидравликалық түріне жайғасқан Қайрат төрт кубты шөмішпен төрт қайтара марганецті іліп алып, БелАЗдарға бір ауысымда шамамен 30-35 тоннадан кенді тиеп береді. Жол-жөнекей көлігі істен шықса, өзі жөндеп, жұмысын жалғастыра береді. Бұл — Қайраттың әу баста жұмысқа тұрған кезде үйренген ісінің өз пайдасына жарағаны.

"Тур" кенішіне алғаш рет келген экскаватор машинисін "Қазмарганец" кенбасқармасы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Дмитрий Шевченко қабылдап алған. Жаңадан келген жұмысшының техникадан хабары барын бірден аңғарған тәлімгер, Қайраттың болашағынан үміт күткен.

— Дмитрий Шевченконың тәлімгерлігіне түскеніме әлі күнге дейін қуанамын. Он жеті жылда жинақтаған тәжірибемді кенішке жаңадан келіп жатқан жастарға үйретіп, өзім де тәлімгерлік етіп жүрмін. Қазіргі таңда бәріміз әріптеспіз. Тау-кен учаскесінде бүгінде он шақты экскаватор машинисі бар. Әр қайсысы өз ісінің білгір мамандары, — дейді Қайрат Дүйсембаев.

Кеніште вахталық әдіспен еңбек ететін кейіпкеріміз Жезқазғаннан қатынайды. Оның айтуынша, Сарыарқаның төсінде жатқан екі қала да Қайрат үшін өз үйіндей. Бұрынғы тарих пәнінің мұғалімінен тарих пен өндірісті қалай байланыстырар едіңіз деген сауалымызға ол, ойланбастан:

— Тарихта да, өндірісте де қойнау бар. Өндірістің әрбір жаңалығы тарихтың қойнауында сақталады. Мен екі саланы осылайша байланыстырамын. Бұл екі саланы меңгеріп алған мен бақытты екенмін ғой, — деп күлімсірей жауап берді.

Вахтадан үйіне оралған соң, кейіпкеріміз бар уақытын отбасына арнайды. Одан бөлек, тарихи шығармаларды көп оқиды. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған әке болашақта ұл-қыздарының өндіріске келем деген ниеті болса, қолдауға әзір.

Қайрат Дүйсембаев қазіргі таңда кенішке келіп жатқан жас экскаватор машинистеріне білгенін үйретіп, ұстаздық жолын жалғастырып жүр. Яғни, кәсібін өзгертсе де, өмірдегі бағытын өзгертпеді. Бұл — көпке үлгі болар іс.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров