Кәсіпкерлер түрмедегілерге жұмыс беріп отыр

Болат МӘЖИТ

© Болат МӘЖИТ

Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан түзету мекемелерінің аумағында кәсіпкерлер жазасын өтеп жатқандарды жұмысқа тартып, оларға жалақы беріп отыр, деп хабарлайды ЭК.

Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің мәліметінше, ЛА-155/14 колониясында 250 сотталушы жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлер түрме ауласындағы бос жатқан ғимараттарда ет өнімдерін шығаратын шағын зауыт, ағаш және темір бұйымдарын жасайтын 5 цехты іске қосқан. Жазасын өтеушілер сонда ақылы еңбекпен қамтылған.

ЛА-155/12 және ЛА-155/8 түзету мекемесінде де сотталушылар кәсіпкерлердің тапсырыстарын дер кезінде орындауда. Олар бір ас үй жиһаздары мен газоблок кірпіштерін сапалы етіп шығаруда. Сонымен қатар, мұнда көкөніс өсіретін жылыжай да жұмыс істеп тұр.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті түрмедегілердің жұмыс істеп, ақша табуы олардың тәртібінің түзелуіне, қалыпты өмірге қайта оралуына берілген мүмкіндік дейді.

Сотталғандар қатаң іріктеуден өтеді. Олардың түрме ішіндегі тәртібіне ерекше назар аударылады. Психолог мамандар жіті тексереді. Екінші рет сотталғандарға жұмыс істеуге рұқсат жоқ.

Түрме аумағында кәсіп ашқандарға жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер электр қуатына, жылыту жүйесіне және суды пайдалануға ақша төлемейді. Бұл екі жаққа да тиімді болып отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров