Қазақстандық файтер қарсыласын 50-ші секундта нокаутқа түсірді

Бек ТӨЛЕУОВ

Бейнеден кадр

Жерлесіміз Азамат Бақытов дағыстандық Бекхан Омаровты бірінші раундта бір минутқа жеткізбей нокаутқа түсірді деп хабарлайды, ЭК.

Алматыда ережесіз жекпе-жектен отандық Naiza Fighting Championship (NFC) турнирі өткен болатын.

Осы кеште сегіз бұрышқа шыққан 28 жастағы жерлесіміз Дағыстан республикасынан келген Бекхан Омаровпен (3-1) кездесті. Жеңіл салмақтағы (70 келі) кездесу бірінші раундтың 50-ші секундында аяқталды.

Сөйтіп, Азамат Бақытов жетінші рет жеңісіне қол жеткізіп отыр. Ал Омаров алғаш рет қарсыласына есе жіберді.

Айта кететін бір жайт, дағыстандық спортшы бұл жекпе-жекке өте қысқа уақыт аралығында шақырту алған. Өйткені Бақытов басында басқа спортшымен кездесуі керек болды. Ол келе алмаған соң Омаровты шақырған.

Осы турнирдің алдында Омаров пен Бақытов көз түйістіру кезінде төбелескен еді. Жұдырығын алғаш болып ала жүгірген дағыстандық спортшы болатын.

Еске сала кетсек, Бақытов соңғы рет былтыр желтоқсанда Alash Pride турнирінде Хаби Аскарбекті техникалық нокаутқа түсірген еді.

Алматыда өткен осы NFC 31 лигасында қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың қарындасы Сара Рахмонова спорттық карьерасында алғаш рет жеңілді. Ол ресейлік Вероника Борисоваға есе жіберіп алды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров