Екі өкпесі бірдей қабынған жас босанған келіншек айығып келеді

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Алматы облыстық аурухананың баспасөз қызметі

Талдықорғандық дәрігерлер Covid-19 вирусын жұқтырған төртінші ананың өмірін сақтап қалды – деп хабарлайды ЭК.

Облыстық аурухана, кардиологиялық, перинаталдық орталық және Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухананың мамандары бірігіп Covid-19 инфекциясын жұқтырып, өкпесі 90-100 пайызға зақымданған төртінші ананы емдеп шықты.

Алматы облыстық аурухананың баспасөз қызметіАлматы облыстық аурухананың баспасөз қызметі
Алматы облыстық аурухананың баспасөз қызметі

Жүкті келіншек 20 сәуірде Алакөл аудандық ауруханасына жатқызылған болатын. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қанат Жұмашев Алакөлге арнайы барып, келіншектің жағдайын көрген бойда шұғыл түрде босандырып алды.

Кейіннен "3 А деңгейінде өте ауыр жағдайда екі өкпесіне 100 пайыз зақым келтірген COVID ассоциацияланған пневмония" диагнозындағы науқас санавиация арқылы Талдықорған облыстық ауруханасына жеткізілді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ахуалды орталығымен кеңесе келе Талдықорғандағы төрт аурухана дәрігерлерінің консилиумынан кейін науқастың өкпесін экстракорпоральді мембранды оксигенация (ЭКМО) аппаратына қосу туралы шешім қабылданған.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Лейла Серікбаеваның айтуынша, бұл — Алматы облысы бойынша ЭКМО аппаратына қосылып, коронавирустық инфекциядан өкпесі 100 пайыз қабынып, қалпына келген алғашқы науқас.

Бұл — облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен Талдықорған дәрігерлерінің коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарға қарқынды терапия көрсету жөніндегі бірлескен жемісті жұмыстың нәтижесі деуге әбден болады,

деді ол.

Реаниматологтар, пульмонологтар, кардиологтар екі ай бойы науқастың өмірі үшін күресті. Ауруханаға 24 сәуірде түскен науқас ЭКМО аппаратында 34 күн бойы жатты.

ЭКМО аппаратын қолдана отырып, реанимациялық шараларды өткізу медициналық қызметкерлерден жоғары кәсібилік деңгейді, үлкен күш-жігерді талап етеді,

дейді облыстық аурухананың директоры Анарбек Монгол.

Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сұрашевтың сөзінше, науқастың жанын аман сақтап қалуда Талдықорғандағы төрт бірдей аурухананың дәрігерлері жұмылып үлкен жұмыс атқарды.

ЭКМО аппараты адамның өмірлік функцияларын бірнеше апта бойы сақтауға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл — өкпе мен жүректің уақытша функционалды ауыстырылуы. Бірақ бірде-бір құрылғы жоғары білікті мамандарсыз жұмыс істемейді. Солардың арқасында тағы бір жан ажалдан аман қалды — дейді дәрігер.

25 маусымда науқас санавиация арқылы үйіне жіберілді. Оның ары қарайғы жағдайы аудандық орталық аурухана дәрігерлерінің жіті назарында болады.

Алматы облыстық аурухананың баспасөз қызметіАлматы облыстық аурухананың баспасөз қызметі
Алматы облыстық аурухананың баспасөз қызметі

Өзіне екінші мәрте өмір сыйлауда күн-түн демей екі ай бойы күрескен ақ халатты абзал жандарға ауруынан айыққан азаматша ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Өз кезегінде Талдықорған және Алакөл аудандық ауруханаларының басшылары науқас толық жазылғанша бақылауда болатындығын жеткізді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров