Интимдік суреті арқылы бопсалап, түбіне жетті

Фархат ӘБІЛОВ

Әлеуметтік желіден

Түркістандық жігіт атыраулық әйелмен көңіл жарастырып, кейін оны бопсалап, ақырында әйел асылып қалған, деп хабарлайды ЭК.

Еліміздің қылмыс хроникасында соңғы уақытта жиі кездесіп жүрген бұл қылмыс түрі өткен жылы болғанымен, сот апелляциялық шағымды қарауды осы айда аяқтады.

Атыраулық әйел ажырасқаннан кейін, әр жерде жұмыс істеп, балаларының жағдайын жасаумен әрекет етіп жүреді. Осындай күндердің бірінде әлеуметтік желі арқылы Түркістан қаласының тұрғынымен танысқан. Түркістандық жігіт те ажырасқан, бір баланың әкесі болып шығады. Екі жарты осылайшы тез тіл табысып, ол Атырауға келіп, бірнеше күнді бірге өткізіпті.

Алайда әйел ұйықтап жатқан кезде жігіт оны жалаңаш күйде суретке түсіріп, ұялы телефонындағы барлық нөмірді көшіріп алған. Кейін фотоны туған-туыстарыңа жіберемін деп қорқытып, одан 200 мың теңгеге дейін ақша бопсалай бастайды. Әйел басында ақша тауып беруге тырысқанымен, қаскүнемге беретін ақшасы да таусылған.

Түркістандық жігіт әйелден көп ақша ала алмағандықтан, оның туыстарына қоңырау шалып, түрлі жалған әңгімелерді таратып, тіпті әйелдің интимдік сипаттағы суреттерін жіберген. Әйелге қоңырау шалып, ақша талап ете бастаған кезде, әйел асылып қалады. Ең сорақысы, бопсалаушы әйелдің асылып тұрған мүрдесін туыстары тауып алған кезде де ақша сұрап, айғайын жалғастырған көрінеді.

Айта кету керек, әйел тірі кезінде сотқа жүгінген. Сотта әлгі жігіт өз кінәсін мойындап кешірім сұрап, енді бұндай әрекет қайталанбайды деп уәде беріпті. Сот ҚР ҚК-нің 194-бабы (Бопсалау) бойынша оның бас бостандығын екі жылға шектеуге үкім шығарады. Бірақ ер адам бопсалауын жалғастыра берген.

Әйелдің өлімінен кейін түркістандық жігіт қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалған. Мамыр айында №2 Атырау қалалық соты ҚР ҚК 105 (Өзiн өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) және 147-баптары (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және ҚР-ның дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) баптарымен оны кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл үкіммен келіспеген ер адам сотқа апелляциялық шағым түсірді.

— Үкім ауыр болды деп есептеймін. Себебі менің айтқан дәлелдерім ескерусіз қалды. Шынымен ол әйелді жақсы көрдім, бірақ оның өліміне кінәлі емеспін. Мені Түркістанда 8-сынып оқитын ұлым күтіп отыр. Оны тәрбиелеуім керек. Басқа арманым жоқ. Сот үкімі өзгеріп, әділ шешім болады деп ойлаймын, — деп айтты ЭК тілшісіне сотталған А.

Осы айда Атырау облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бопсалаушы жігітке қатысты бастапқы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті хабарлағандай, сотталушы жазасын өз мекен-жайы бойынша өтеу үшін Шымкент қаласына жіберіледі.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров