Ақтөбе өңіріндегі шегірткелердің шырылы министрлікке жетті

Кәмшат ҚОПАЕВА

Pixabay

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында шабындық жерлерді шегіртке жайлауына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ЭК.

АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері Әйтеке би ауданының Басқұдық, Жабасақ, Сарат, Ақтасты, Ақкөл, Құмқұдық ауылдық округтерінің аумағында шегірткенің италиядық прус түріне қарсы фитосанитариялық жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл жұмыстарға 9 техника, яғни екі газ генераторы, бір ұшақ және 6 жер үсті бүріккіштері жұмылдырылған.

Улау жұмыстары ғылыми негіздеме бойынша уақытында басталған. Комитеттен инсектицидтердің барлық қажетті көлемі аймаққа дер кезінде жеткізіліп, осы жұмысты атқаратын мекемелермен алдын ала келісім-шарт жасалыпты. Қазір Әйтеке би ауданының аумағында "Энжио", "Локустин", "Зеленый Барьер", "Гринголд", "Вантэкс" және "Ципрофен" препараттарымен өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Инспекцияның мәліметі бойынша, биыл облыста үйірлі шегірткелер 70,39 мың гектар аумаққа таралуы мүмкін деген болжам жасалған. Ал жалпы республика бойынша зиянкестер 640 мың гектар жерге таралуы мүмкін. Қазір 223 мың гектарға жететін пестицид қоры бар. Үйірлі шегірткелерді улау жұмысы тиімді жүру үшін пестицидтердің бірнеше түрінен препараттар сатып алынған. Республиканың Түркістан және Жамбыл облыстарында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды. Ал, Ақтөбе облысында италиялық прусқа қарсы өңдеу жұмыстары жалғасуда.

Министрлік қаптаған шегірткеге қарсы күрес жұмстары бақылауда екенін мәлімдеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров