Шығыста мал қырылып жатыр

Фархат ӘБІЛОВ

Pixabay

Шығыс Қазақстанда сәуір айынан бері төрт түлік белгісіз індеттен қырылып жатыр, деп жазады ЭК.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауылындағы шаруа қожалықтарының иелерінің айтуынша, сәуір айынан бері төрт түлік белгісіз аурудан қырыла бастаған. Мәселен ірі қара тұра алмай, ауыздарынан көбік шығып, тыныстары тарылып қиналып өледі екен. Шаруалар мал арасында белгісіз ауру тарап жатқандығына сенімді болса, облыстың шенеуніктері мал аштықтан өледі деп отыр.

— Төрт түліктің арасында ешқандай жұқпалы ауру тарап жатқан жоқ. Ауылдық округтегі барлық мал қыстан көтерем шыққан. 25-28 сәуір аралығында күн суытып, жауын жауды. Осыған байланысты иммунитеттері әлсіреген мал қолайсыз ауа райы салдарынан өлді, — дейді ШҚО Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.

— Мүмкін сол кезде әлсіреп өлген болар, бірақ қазір неге өліп жатыр? Олар мал шығынан азайтып көрсеткісі келеді. Шенеуніктерге сол тиімді. Зардап шегіп отырған біз. Аудан бойынша карантин жариялау керек. Ірі қара бір-бірінен ауру жұқтырып өліп жатыр,- дейді зайсандық шаруалар.

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Кадес Шелекеновтің айтуынша, ірі қара арасында белгісіз ауру бар, бірақ одан мал қырылмаған.

Шарулар тиісті шаралар қабылданбаса, Нұр-Сұлтандағы мемлекеттік органдарға хат жазуға бекініп отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров