Норвегиялық Мария Қазақстандағы туыстарын іздейді

Фархат ӘБІЛОВ

Facebook / Бауыржан Жұмағұлов

Норвегия азаматшасы Мария Михаилова (Қимашева) Ақмола облысында тұратын туыстарын іздеп, Ослодағы Қазақстан елшілігіне барған, деп жазады ЭК.

Қазақстанның Норвегиядағы елшісінің орынбасары Талғат Жұмағұловтың айтуынша, жуырда елшілікке арғы тегі қазақ Норвегия азаматшасы Мария келіп, Қазақстандағы туыстарын іздестіру жөнінде ақыл-кеңес сұраған.

Мария 2000 жылдары Ослоға оқуға, кейін ақпараттық технологиялар саласында жұмысқа тұрып, шетелде қалып қояды. Кейін тұрмыс құрып, тегін Михайловаға өзгертеді. Содан бері өзінің атасының кім екендігін іздеп, оның ұрпақтарымен араласқысы келіп, өзге де туыстарын көргісі келеді екен.

— Оның туған атасы Аманжол Қимашев — Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыс аяқталған соң, Псковта Лидия Федоровна деген орыс келіншегіне үйленіп, сол жерде біраз жылдар өмір сүріпті. Кейін әйелімен ажырасып, өзі Алматыға жөнеп кетеді де, әйелі екі ұлымен Псковта тұрмыстарын жалғастырды. Екі ұлдың бірі Андрей — Марияның әкесі. Кезінде әкесімен аз-маз байланыс ұстап отырған екен. Аманжол атамыз Алматыдағы аяқ киім фабрикасында жұмыс істегені мәлім,- дейді Талғат Жұмағұлов.

Бірақ Марияның туыстарын іздеудің қиындығы — Аманжол соғыс алдындағы көптеген қазақ бозбалаларындай жалғыз болып өскен. Бар білгені 1921 жылы (басқа деректер бойынша 1919 ж.) Ақмола облысы Еркіншілік ауданы Благодатное (қазіргі Олжабай батыр) ауылында дүниеге келгені. Марияның жуырда Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан сұратып алған Аманжолдың жеке ісінен мынадай қосымша мәлімет берілген екен: балалар үйіне 1927 жылы түсті, әкесінің аты Тасболатов Қимаш, анасының аты Тасболатова Орынбасар (Орынбасар, 1927 жылы Благодатноеда қайтыс болды).
Тағы бір маңызды көмек дерек: балалар үйіне туған апасымен бірге түскен екен. Аты-жөні сақталмапты.

— Өз атамның туысқандарын, арғы аталардың жатқан жерлерін, әке-шешесінің тағдыры турасындағы мәліметтерді соңғы 25 жыл бойы іздеп, бөлік-бөлігімен енді ғана тауып жатқанымды айтып бердім. Яғни мұндай ізденіс оңайға түсер емес. Бірақ қазақ халқы туысшыл, бауырмал, шежірені білетін, қадірлейтін ел. Жұртшылық тарапынан қандайда бір құнды мәлімет шығып жатар. Негізі ауылмен де байланысқан дұрыс болар, дедім,- дейді Жұмағұлов.

Енді Мария елшілік пен қазақстандықтарының көмегімен туыстарын тапқысы келеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров