Құрылыс алаңында жапа шеккен Өзбекстан азаматтарының жағдайы белгілі болды

Экспресс К

ТЖД

Облыс әкімдігі төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрды, хабарлайды ЭК.

Павлодар қаласының орталығында құрылысы аяқталмаған көпқабатты тұрғын үй ортасына опырыл түсіп, екі өзбекстандық азамат жапа шеккен болатын.

Ашық дерек көздеріндегі мәлімет бойынша мердігер бұған дейін жүк тасымалымен айналысқан, құрылыс саласына маманданбаған.

"28 және 34 жастағы Өзбекстан азаматтары қалалық ауруханада шұғыл ем қабылдап, бүгінгі таңда денсаулығы бірқалыпты деп танылды. Олар әлі де амбулаториялық бақылауда болады", — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

Құрылысшылар 17 маусым күні Торайғыров 75/3 мекен-жайындағы құрылыс алаңынан ауруханаға жеткізілген. Олардың бірінің омыртқа сүйегі сынған, екіншісінің миы шайқалып, денесі жарақаттанған. Жапа шеккен үшінші жұмысшы ауруханаға барудан бас тартқан. ҚР Индустрия және инфрақұрлым министрлігі де жағдайды өз бақылауына алған. Министрлік мамандары жергілікті атқарушы билік өкілдерінің рұқсат беру құжаттарын ұсыну тәртібін тексеріп жатыр.

Мердігер шетелдік жұмысшылармен еңбек келісімшартын жасамаған. Құрылыс компаниясы жапа шеккен жұмысшыларға уақытша пәтер жалдап берген. Мәселе Парламент қабырғасында да талқыланып, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова көпқабатты тұрғын үй құрылысымен айналысып жүрген шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді тоқтауды ұсынды.

"Біз құрылыс сапасы бойынша әр қалада орын алып жатқан дау-дамайға куәміз. Мердігерлер ешбір құжатсыз іске кірісіп, болашақ пәтер иелеріне де, жақын маңдағы көпқабатты үй тұрғындарына да қауіп төндіріп отыр... Түптеп келгенде бұл олқылық үшін мемлекет жауап береді. Құрылыс сапасын бақылауды мемлекеттік мекемелердің құзіретіне қайтару керек", — деді Мәжіліс депутаты.

Қазіргі таңда Павлодардағы құрылыс алаңында орын алған оқиғаға байланысты полиция қылмыстық кодекстің 277 бабы "құрылыс алаңында қауіпсіздік ережесін сақтамау" бойынша іс қозғады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров