Нұр-Сұлтанда тұрмыстық зорлық-зомбылық азайып келеді

Ержан ШАЙЖАН

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Астанада соңғы 5 айда тұрмыстық зорлық-зомбылық 40%-ға төмендеген, деп хабарлайды ЭК қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Айтмағанбетов алдын алу шараларының күшеюі нәтижесінде қалада қылмыстар саны едәуір азайғанын айтады.

Статистика келтірсек, осы уақытқа дейін тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін 849 адам жауапқа тартылыпты. Жәбірленушілерді қорғау мақсатында 3388 қорғау ұйғарымы шығарылса, 275 әйел дағдарыс орталығына орналастырылған.

Ведомство өкілдері отбасындағы жанжалға пандемияның әсері бар дейді.

"Пандемия жағдайында халықтың өмір салты түбегейлі өзгерді. Әлеуметтік байланыстардың төмендеуі, қаржылық жағдайдың нашарлауы адамдардың психологиялық жағдайына теріс әсер етті. Маскүнемдік салдарынан отбасылық және өзге адамдармен текетірес туындады. Біз есепте тұрғандармен (маскүнемдер — 1 081, нашақорлар — 400, отбасылық жанжалдар — 3388) профилактиканы күшейттік, маскүнемдік (183) және нашақорлық (72) бағыты бойынша жұмысты жалғастырудамыз", — деді Арман Айтмағамбетов.

Бұдан бөлек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларға психологиялық көмек көрсетіледі.

203 адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгіленген. Оның ішінде 160-ы алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынған. Ал мінез-құлқына байланысты қойылған ерекше талаптарды бұзғаны үшін 203 адам жауапқа тартылыпты.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров