Әлеуметтік желіге қарумен түскен фотосын жүктеген елорда тұрғыны ұсталды

Бек ТӨЛЕУОВ

Vk.com

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі ЭК тілшісіне әлеуметтік желіге қарумен түскен фотосын жүктеген елорда тұрғынына қатысты жауап берді.

"25 маусымда "ВКонтакте" әлеуметтік желісінің қолданушысы өз парақшасында қару-жарақпен түскен фото суретін жариялады. Жас жігіт суретке әскери формамен түскен. Осыған байланысты қала тұрғынынан "102" байланыс орталығына хабарлама келіп түсті. Қазіргі уақытта жарияланған хабарламаның авторы ұсталып, полицияға жеткізілді. Ол 23 жастағы астананың тұрғыны болып шықты. Жас жігіт өзінің әскери-тактикалық страйкбол ойынына әуес екенін, бұл жазбаны өзінің "ВКонтакте" парақшасында жазылушылар санын көбейту мақсатында орналастырғанын айтты", — делінген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің берген жауабында.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Әзірге мәлім болғаны бұл страйкболға арналған ойын қаруы екен.

Полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз қару-жарақты алу, беру, сату және сақтау үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді.

"ВКонтакте" әлеуметтік желісінде Әлихан Өмірзақов есімді азамат әскери форма әрі қолына қару-жарақ ұстап түскен фотосын жариялағанын айта кетейік.

Оның астына: "Ертең Нұр-Сұлтан қаласында көңілді болады", — деп жазған болатын.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров