Ақтөбе облысындағы шошқа фермасы талапты орындамай отыр

Кәмшат ҚОПАЕВА

Pxhere

Алға ауданы Бестамақ ауылында қоршаған ортаны әбден ластаған "Парижская комммуна ХХІ" ЖШС заң талаптарын орындамай отыр, деп хабарлайды ЭК.

Өткен жылы Бестамақ ауылының тұрғындары шошқа фермасының қоршаған ортаға келтірген зиянын айтып, наразылыққа шыққан болатын. Серіктестік сойылған шошқаның ішек-қарнын, өлексесін шұңқырға көміп, қалдық суды өзенге ағызған.

Сасыған иістен тұншыққан бестамақтықтар наразылыққа шығып, ферманың жабылуын талап еткен болатын. Алайда аталған серіктестік әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып, қоршаған ортаны ластауын тоқтатпай отыр.

Облыстық экология департаменті тарапынан тексеру жүргізіліп, қылмыстық, әкімшілік және азаматтық жауапкершілікке әкеп соқтыратын заң бұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде серіктестікке 7 миллиард 27 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Бұнымен келіспеген серіктестік апеллияциялық шағым түсірді. Қазір іс облыстық сотта қаралып жатыр. Сондай-ақ департамент тарапынан серіктестіктің жұмысын тоқтату туралы талап-арыз да сотқа жолданды.

Экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл айыппұлды өндіру және ферманың жұмысын тоқтату үшін соттың шешімін күтіп отырғанын мәлімдеді.

Облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Баянбек Қырықбаевтың айтуынша, Бестамақтағы бүлінген жердің көлемі — 54,2 гектар. Басқарма айыппұл салып, үш айға дейін кемшіліктерді жою туралы серіктестікке нұсқама берген. Бірақ бұл талап орындалмаған.

Сондықтан шошқа фермасының жерді қалай бүлдіріп жатқаны туралы материал Ақтөбедегі мамандандырылған экономикалық сотқа жолданды. Соттың шешімімен 583 мың теңгеден аса айыппұл салынып, серіктестік қызметін бір ай тоқтату туралы шешім шығарылды.

Шешім сот орындаушыларына берілді. Ал кемшіліктерді жою жұмысын мәжбүрлі түрде орындату үшін талап-арыз сотқа жолданды. Жалпы талап бойынша шошқа фермасы қалдық төккен жерлерді техникалық өңдеуден өткізуі керек. Ұзындығы 3 километр болатын шұңқырды бітеп, залалсыздандыруы тиіс. Сойылған шошқаның орнын тазарту керек. Бірақ әлі күнге дейін бұл талаптардың ешқайсысы орындалмай отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров